Қорғаныс министрлігінде кезекті аппарат кеңесі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары әскерлерде өткізілген және жоспарланған іс-шараларға жауапты аймақтардағы ахуал жөнінде баяндады.
Осы аптада «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерінің тексеруі ерекше назарда болмақ. Қазақстанның батыс өңірінде кезекті тексеру кезеңі өтеді. Оған Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері қатысады.
Өткен кезең шығыс өңірінің құралымдары мен бөлімдері тексеріліп, арнайы операциялар күштерінің барлық құрамдары белгіленген міндеттерді орындауға дайындығын көрсетті.
Қорғаныс министрі Алматы және Жамбыл облыстарына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша әскери бөлімдер мен мекемелерде диверсияға қарсы қауіпсіздікті жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Бұл қоршаулардың ақаусыздығы мен сенімділігін, бейне бақылау жүйелерінің жұмыс істеуін, тәуліктік кезекшілік пен жеке құрамның жоғары қырағылығын сақтауды, сондай-ақ ықтимал штаттан тыс жағдайларды пысықтау жөніндегі практикалық сабақтар мен жаттығуларды тұрақты өткізуді қамтуы тиіс іс-шаралардың тұтас кешені.
Әскери қызметшілердің тамақтануын ұйымдастыру, оның ішінде бүгінгі күні осы қызметті көрсетуге конкурсты ұтып алған жеке ұйымдардың жұмысы жеке назарға алынды. Өкінішке орай, әскери бөлімдердің бірінде біраз әскери қызметшілердің тамақтануы бұзылды.
Қорғаныс ведомствосының басшысы бас қолбасшыларға жеке құрамды сапалы тамақтандыруын бақылауды күшейтуді, асханалардың тазалық жағдайын тексеруді тапсырды. Бұдан өзге, қызмет көрсетушінің жеке жұмыс бағыты әскери қызметшілерді далалық жағдайда, оқу-жаттығу, әскерлерді қайта топтау және басқа да әдістерді орындау барысында тамақтандыруды қамтамасыз ету болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі іс-қимыл аясында генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қолданатын жұмыс әдістерінің ауқымын кеңейтуді тапсырды. Сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндірумен қатар, әр жағдай әскери қызметшілердің жиналысында «әскери ар-намыс» алдында, өз іс-әрекеттерімен Қарулы Күштердің атына кір келтіріп жүрген сыбайлас жемқорлар талқыланатын болады.
Бұдан өзге, министр аталған ауқымдағы құқық бұзушылықты жариялаудың ашықтығын арттыруды тапсырды. Жуырда Қорғаныс министрлігі ресми сайтының арнайы айдарында сыбайлас жемқорлық жасаған, кінәсі сотпен айғақталған барлық лауазымды адамдар туралы мәліметтер жарияланатын болады. Бұл әскери қызметшілерге заңсыздыққа жол берген бұрынғы әріптестерінен үлгі алуға, осындай іс-әрекет жасаудың жазасы мен салдарын барынша терең түсінуге мүмкіндік береді. Ал жұртшылық – жемқорларды білетін болады.
Бас медициналық басқарма бастығының баяндамасы бойынша Қарулы Күштерде эпидемиологиялық жағдай тұрақты сақталуда, топтық сырқаттануға жол берілмейді.
Сонымен қатар, бас қолбасшыларға «қызыл аймақта» орналасқан әскери бөлімдерді ерекше бақылауға алу, сондай-ақ санитар дәрігерлердің белгілеген қаулы бойынша барлық шараларды толық деңгейде ұйымдастыру жүктелді.