Атырауда қызметтік иттің көмегімен жоғалған 72 жастағы тұрғын табылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Атырауда қызметтік иттің көмегімен 72 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны екі сағатта табылды. Кіші инспектор-кинолог Айбар Батыров Рокки есімді қызметтік итімен азаматты теміржол вокзалы маңынан іздеп тапты.
Белгілі болғандай, 30 маусым күні түскі сағат 12:30 шамасында жоғалған әйелдің ұлы “102” арнасына хабар берген. Айтуынша, жоғалған анасы сөйлей алмайды және психикалық ауытқуы бар көрінеді. Ол сағат 9:00 шамасында Химпоселек ықшам ауданында туыстарының үйінен шығып кетіп, сол күйі хабарсыз кеткен. Туыстары оны өз бетімен іздеп көргенімен, іздеу нәтиже бермеген. Жедел қоңырау қабылдаған тәртіп сақшылары бірден жылдам әрекетке көшіп, егде жастағы әжейді іздеуді дереу ұйымдастырған.
Полицейлер оның болуы мүмкін барлық жерді қарады. Рокки жоғалған әжейдің киімінен шыққан иіс арқылы ізіне түседі. Нәтижесінде теміржол вокзалы маңынан тапқан. Әжейдің туыстары полицейлерге жедел іздестіргені үшін ерекше алғысын білдірді.