Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысы қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазіргі жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қазақстанда су тасқыны салдарынан 18 005 жылжымайтын мүлік бүлінген деп танылды. 17 295-інің зерттеу нәтижесі дайын. Бір апта ішінде ресімделген қорытындылардың өсімі 1 375-ті құрады. 2 245 нысан құрылысы, жылжымайтын мүлік нарығында 5 235 үй мен пәтер сатып алу, 9 819 тұрғын үйді жөндеу жоспарланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде елімізде 1 828 үйдің құрылысы басталды, бұл 81%-ды құрап отыр. Бұл ретте БҚО мен Ақмола облысында төмен қарқын мен жұмылдыру орын алуда. Ақтөбе облысы мен БҚО-да 2 122 үй әлі су астында қалып отыр.
Жылжымайтын мүлкі жарамсыз деп танылған қазақстандықтар үшін 1 943 нысан сатып алынды. Бүгінгі таңда 1 772 үйдің иелері төлемдерін алған. Ахуалдық орталық және Еңбек ресурстарын дамыту орталығы барлық кезеңдерде EGOV және «Әлеуметтік көмек» ААЖ арқылы азаматтардан өтініштерді қабылдау және өңдеу процесін бақылайды. Цифрландыру есебінен іске асыру кезеңдері бойынша мониторингі қамтамасыз етілді. Әр өңірде жаппай құрылыс алаңдарында тәулік бойы онлайн қолжетімділігі бар 52 камера орналастырылған. Алдағы аптада Ақтөбе облысында қосымша 6 камера қосылады.
Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысындағы жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы деп баға берді, онда 53 отбасына жаңа үйдің кілті табысталды.
Бұл ретте Премьер-Министр басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала-алмай отырғанын атап өтті.
«Мен өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала-алмай отыр. Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт талап етіледі. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайды. Бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды. Оған да жіті назар аудару қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ өңірлердегі аумақтарды тиісті формаға келтіру жөнінде тапсырмалар берілді. Мәселен, көптеген өңірлерде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылды. Әкімдіктерге экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықтарды алып тастап, кәдеге жарату тапсырылды.