Алматы полициясы алаяқтардың жалған хабарламаларын жария етті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы полиция департаменті жәбірленушінің “басшысы” атынан жиі әрекет ететін алаяқтардың хат-хабарламалары бар фотоколлаж дайындады. Диалогта жалған бастық қарамағындағы қызметкеріне құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тексеру жұмыстары туралы айтып, талап қояды.
– Алматы полициясы, қазіргі уақытта, күдіктілер Whatsapp және Telegram мессенджерлерінде аккаунт ашып, аватарларына мемлекеттік мекеме немесе жеке ұйым басшысының суретін қойып, кенеттен “ҚР ҰҚК-нен тексеріс” келіп жатыр деп, қол астындағы қызметкерлерге ақшаны жедел түрде әртүрлі үшінші тұлғалардың шоттарына жіберу қажеттігі туралы жазатын алаяқтық әрекеттері жиілеп кеткенін ескертеді. Өкінішке қарай, бұл тізбекті пайдаланып алдайтын жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан азаматтардың алаяқтардың арандатушылықтарына бой алдырмай, мұндай хабарламалар келген кезде оқиға туралы бірінші кезекте өзінің тікелей басшысына хабарлауы өте маңызды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.