Мемлекет басшысына Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президентке биылғы екі айдың қорытындысы бойынша қала экономикасының қарқынды өскені, Алматының қысқа мерзімді экономикалық индикаторының өсімі 1,7 пайызға жеткені жөнінде айтылды. Жергілікті бюджетке түскен қаржы 55 пайызға, яғни 287,5 миллиард теңгеге дейін көбейді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артып келеді. 190 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 24,5 пайызды құрады.
Ерболат Досаевтың айтуынша, былтыр тамыз айында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау аясында мегаполисті полиорталық ретінде дамыту, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың сейсмикалық қауіпсіздігін күшейту, құрылыстардың тығыз салынуын болдырмау және басқа да мәселелер бойынша жаңа талаптарды енгізу жөніндегі кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалуы жайында мәлімет берілді. Тұрғындар мен заңды тұлғалардың өтініштері бойынша биыл 23 қаңтардағы жер сілкінісінен кейін тексерілген 183 нысанға айтарлықтай зақым келмеген. Сондай-ақ 4 наурыздағы жер сілкінісінен кейін түскен өтініштер бойынша 363 нысанға кешенді тексеру жұмыстары басталды. 2024 жылы 13,2 мың нысанға сейсмоаудит жүргізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен төтенше жағдай кезінде азаматтарды уақытылы құлақтандыру мақсатында биыл 1 маусымға дейін пилоттық режимде «Mass Alert» жүйесі енгізіледі.
Бұдан бөлек, қала әкімі қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту, аулалардың аумақтары мен жасыл желектерді күтіп ұстаудың жаңа әрі кешенді тәсілі туралы айтты. Осы ретте қызмет көрсететін ұйымдармен 3 жылға сервистік келісім-шартқа қол қойылды. Бұл шаралар олардың қаржылық орнықтылығын және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы одан әрі әртараптандыру, Алматының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сумен қамту және су тарту жүйесін жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.