ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 26 қаңтарда өткен кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады.
«Бекітілген әдістемелерге сәйкес жергілікті қамту үлесі бойынша мәлімделген сандарды қайта тексеру» тапсырмасына қатысты.
Министр атап айтқандай, бұл тапсырманы орындау үшін өңірлерге көшпелі тексерулер ұйымдастырылады.
Жұмыс тобы және көшпелі тексерулер кестесі құрылды. Топ құрамына Бас прокуратура, қаржы, ұлттық экономика және энергетика министрліктерінің өкілдері кірді.
«Отандық тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің қолданылуын растайтын барлық конкурстық құжаттарды тексеруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда жергілікті қамту үлесінің көрсеткіштері Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында төмен болып отыр», — деді Б. Атамқұлов.
Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде өңірлерде жалпы сомасы 882,2 млрд теңгеге 6491 жоба іске асырылып жатыр.
«Шығыстарды жоспарлау кезеңінде (техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама) бағаны көтеруге мүмкіндік бермейтін тетіктерді енгізу» тапсырмасына қатысты.
Бүгінгі таңда бюджеттік инвестициялар есебінен іске асыру кезінде үлгілік жобаларды міндетті түрде қолдану заңнамамен белгіленген.
Биыл 10 қаңтарда құрылыс жобаларының жаңа мемлекеттік банкі іске қосылды, бұл оң сараптама қорытындылары бар жобаларды қайта қолдануға қосымша мүмкіндік береді.
2020 жылдың 1 мамырынан бастап сараптама порталында әлеуметтік нысандар құрылысы құнының шекті лимиттерін белгілейтін онлайн-калькулятор іске қосылды.
«Бюджет заңнамасында тыйым белгіленді, енді бюджеттен расталған қаржыландырусыз жобаларды әзірлеуге жол берілмейді. Оған қосымша, өңірлерде қажетсіз жобаларды әзірлеуді болдырмау үшін жоспарлау кезінде объектіні салалық орталық мемлекеттік органдармен алдын ала келісуді көздеуді ұсынамыз», — деді Б. Атамқұлов.
«Әрбір арнайы экономикалық аймақ бойынша орындылыққа талдау жүргізу және арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуінің жаңа моделін әзірлеу» тапсырмасына қатысты
Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігі төмендігін және жобалардың әлсіз толықтырылуы байқалатынын атап өтті.
Мысалы, Жамбыл облысындағы Химпарк-Тараз аумағында құрылған сәттен бастап барлығы 1 жоба іске қосылған. Алматы облысында Қорғас-Шығыс қақпасы мен «Қорғас» Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында да жағдай осындай.
Министр атап өткендей, ведомство әрбір арнайы экономикалық аймақ бойынша талдау жүргізді, дамыған елдердің тәжірибесі зерделенді.
Мынадай жаңа тәсілдер ұсынылады:
Бірінші. Жұмыс істеу мерзімін 49 жылға дейін ұзарту ұсынылады, өйткені инвестициялық жобаларды іске асырудың оңтайлы мерзімі осындай.
Екінші. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы қызмет түрлерінің басымдығын алып тастау және өңдеуші өнеркәсіптің барлық салалары мен секторлары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Үшінші. Әрбір инвестор үшін жеңілдікті топтаманың инвестициялар көлемі бойынша өлшемдерге сәйкестігіне (қолданылуына) байланысты түрлі қолданылу мерзімдерін ұсыну (5 жылдан 20 жылға дейін).
Төртінші. Жауапкершілікті қарастыру. Яғни, міндеттемелер орындалмаған жағдайда, бизнес тиісті кезең үшін барлық жете есептелмеген салықтарды қайтаруы тиіс.
Бесінші. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жобаларды іске асыру үшін дайын өндірістік үй-жайларды ұсыну мүмкіндігін қарастыру.
«Біз энергетика, сауда және интеграция министрліктерімен, сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп әрбір арнайы экономикалық аймақты дамыту бойынша жол карталарын әзірлейміз», — деді Б. Атамқұлов.
«Тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстардың жаңа пакетін енгізу» тапсырмасына қатысты.
Министрдің айтуынша, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарта отырып, тұрғын үй құрылысының жаңа тетігі әзірленеді.
Соның аясында жеке құрылыс қорларын құру туралы шешімдер қаралады.
Осы шараларды іске асыру қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілгеннен кейін Нұрлы жер бағдарламасы шеңберінде іске асырылады.
Сонымен қатар, кредиттік тұрғын үй құрылысы көлемін ұлғайту және «5-10-20» жобасын жалғастыру ұсынылады (кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкі арқылы жылдық 5% - ға дейін жеңілдікті қарыздар беру).
«Ол үшін республикалық бюджеттен жыл сайын "Отбасы банк" арқылы 420 млрд теңге бөлу қажет. Бұл жеке құрылыс салушылар мен әкімдіктерге жыл сайын тіркелген бағамен 35 мың пәтер салуға мүмкіндік береді. Осы тетік арқылы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары табысы бар 353 мың адам (10 жыл ішінде) қолдауға ие болады», — деп түйіндеді Б. Атамқұлов.