ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Аталған кезеңдегі отандық экономика секторларындағы даму үрдістері туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді. Осылайша, оның айтуынша, Үкіметтің экономика тұрақтылығын сақтау бойынша уақытылы қабылдаған шараларының арқасында ҚР ИИДМ жетекшілік ететін экономиканың барлық салаларында дерлік өсімге қол жеткізілді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды.
«Машина жасау саласы 116,3% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, өзге көлік құралдарын, электр жабдықтарын жасау, машиналар мен жабдықтар өндірісі өсті», — деді Бейбіт Атамқұлов.
Түсті металлургияда да оң динамика байқалды. Өсім – 2,8%. Оған тазартылған алтын, құйма алтын өндіру, түйіршіктердегі күміс, Доре қорытпасы, бастапқы алюминий өндірісі және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді.
Қара металлургияда өсім 4,1% болды. Арматура прокаты, рельстер, ферро-силико-марганец, арматуралар, шарлар және домалақ шыбықтардың тауар өндірісі өсті.
Фармацевтика өнеркәсібіне тоқталар болсақ, мұнда ішкі нарықтың ең қажетті өнімдерге сұранысын толық өтеп, өндіріс көлемін 47% жеткізді.
Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 15% өсті. Бұл тоқыма бұйымдары өндірісінің, киімнің және былғары өнімдердің ұлғаюына байланысты болды.
Ағаш және тығын бұйымдары өндірісінің өсімі 43,2% құрады.
Құрылыс материалдары өндірісі 1,8% артты.
«Өңдеу өнеркәсібіндегі оң динамикаға пандемия кезеңінде Үкімет қабылдаған қолдау шаралары, шағын және орта бизнестің тұрақты дамуы есебінен қол жеткізілді», — деді министр.
Көлік саласында нақты көлем индексі 2020 жылы 82,8% құрады. Оған наурыз айында енгізіліп, жыл соңына дейін созылған локдаун әсер етті. Дәстүрлі сегменттерде тасымал төмендесе де, контейнерлік жүктерді транзиттік тасымалдауда оң нәтиже болды.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда транзиттік контейнерлердің жалпы көлемі 876 мың жиырма фунттық баламаны құрады. Өсім 32% құрады.
Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 3,96 млрд тонна немесе 2019 жылмен салыстырғанда 94,3% құрады.
ҚР ИИДМ басшысы құрылыс саласы туралы айта отырып, қалыптасқан жағдайға қарамастан, құрылыс саласы экономикалық өсудің негізгі драйвері болып қалғанын атап өтті.
Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қорытындысында 111,2% болды. 16 өңірде оң динамика байқалады.
Тұрғын үй құрылысында 2020 жылдың қорытындысында 15,336 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 116,8% құрайды.
«Республика бойынша барлығы 140 мыңнан астам баспана пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 15 өңірде артты», — деп нақтылады Б. Атамқұлов.
Жалпы, өңдеуші өнеркәсіптің негізгі секторлары, оның ішінде отандық құрылыс материалдары өндірісінің өсімі арқасында экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыруға және барлық аралас салаларда оң нәтижеге қол жеткізілді.