Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 аудандық сотында пара беру және пара беруге делдалдыққа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Сотта Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің аппараты мен «К» ЖШС арасында (директорі Б.) саябақтардағы жасыл желектерді күтіп-ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаны анықталды. Жасыл алқаптарды тексеру кезінде Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Р. орындалған жұмыс актілері мен жұмыстардың құны туралы актіге кедергісіз қол қоюы үшін делдал арқылы пара алу ниеті туындаған. Өз кезегінде Б. бұл ақпаратты ЖШС құрылтайшысына хабарлаған. Осылайша, Р. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола тұра, делдал Б. арқылы пара беруші М-дан (ЖШС құрылтайшысы) өзінің қызметтік өкілеттігі шегінде әрекет жасағаны үшін 13 785 000 теңге көлемінде пара алған.
Сотталушылар өз кінәларын толық мойындады. Прокурор Р. мен М.-ны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы Б-ны 1,6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Сот үкімімен сотталушылар Р. және М. пара алу және пара бергені үшін кінәлі деп танылып, әр қайсысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сотталушы Б. пара беруге делдалдық танытқаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сотталушылардың шын ниетпен өкіну, кінәсін мойындау, кәмелетке толмаған балаларының болуы және бұрын соттылығы болмауы жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар жоқ», - деп хабарлады Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары ірі көлемде пара алды деп айыпталған еді.