«Отбасы банкі» көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге несие бермейтін болды. Сонымен қатар осы мақсаттағы жинақтарды да қабылдамайды. Өйткені банктің аталмыш қызмет бағытындағы лицензиясы тоқтатылады. Кондоминиум мүлкін күрделі жөндеуге несие беру қызметінің лицензиясын ерікті тоқтату туралы шешімді банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ҰБХ қабылдаған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шешім
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасы өзінің еншілес ұйымы – «Отбасы банкі» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ банк операцияларының жекелеген түрлеріне лицензиясын ерікті түрде тоқтату туралы өтінішпен Қазақстанның уәкілетті органына жүгінетіні жайлы хабарлама Қазақстан қор биржасында орналастырылған.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқармасы Қазақстан Республикасының уәкілетті органына кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және оларға тұрғын үй заемдарын беруге арналған салым қабылдау, банктік шоттарды ашу және жүргізу бойынша операциялар бөлігінде банк лицензиясын ерікті түрде тоқтату туралы өтінішпен жүгіну туралы № 53/23 шешім қабылдады», – делінген хабарламада.
«Отбасы банкі» баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұған дейін Мүлік иелерінің бірлестігі (ОСИ) сол үйге күрделі жөндеу өткізу мақсатында банкте шот ашып, ақша жинай алатын. Енді «Отбасы банкі» осы бағыттағы лицензиясын тоқтатып, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге несие бермейді, депозит қабылдамайды, банктік шоттарды ашпайды.
Өзгерістердің өзегі
Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында «Бәйтерек» холдингінің құрылымы өзгеріп, «Отбасы банктің» қызметі қайта қаралатынын мәлімдеген болатын.
Ал қараша айында Мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалау бойынша арнайы әзірленген заң жобасы талқыланып, «Отбасы банкті» ұлттық даму институты ретінде қайта құру ұсынылды.
Қолданыстағы заңнама бойынша тұрғын үйге есепке қою, тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жергілікті атқарушы органдары атқарады. Ал жаңа заң жобасына сәйкес бұл функциялар «Отбасы банкке» берілмек.
«Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асыратын болады. Осыған байланысты «Отбасы банкін» ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр. Отбасы банкі берілетін функцияларды орталықтандырылған түрде жүзеге асыратын болады», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Осы орайда бұл қаржы иниститутының мәртебесі де өзгеретіні хабарланды, Отбасы банкіне аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйкесінше «Отбасы банкі» банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асыратын болады.