Шымкентте дезинфекциялық, стерилизациялау мен заласыздандыруға арналған препарат шығаратын ғылыми орталық бар. Өндірушілердің айтуынша, олар дәрілік өнімнің сапасына аса мән беріп, бағасын да тиімді етіп отыр.
Өндіріс орны 2016 жылы нарыққа қосылған. Ал нағыз шарықтау тұсына жеткен кезі – пандемияның уақыты болған. Сол сәттерде дәрілік препараттар мен антисептиктерге сұраныс көп еді. Қазір де нарықты әбден зерттеп, зерделеп отырады. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау барынша жеткілікті болып жатыр. Өндірушілердің айтуынша, алдағы уақытта шикізаттың өзін де жасап шығарсақ деген ниетте. Мәселен, қазір Таяу Шығыстың дамыған мемлекеттерімен бірлесіп, әріптестік байланыс орнатып отыр. Үнемі дамып отыруды таңдаған ғылыми орталық зертханасын да үздік деңгейге көтеріп үлгерген.
Қазір хирургиялық, стоматологиялық құралдарды залалсыздандыру үшін қолданылатын препараттардың сапасына қатты көңіл бөлініп жатқан көрінеді. Олар өте сапалы, күшті, ал эфекті өте тез болуы керек. Сол талаптардың бәріне сай болу үшін жұмыс істеп жатыр. Құрамындағы этил спиртінің мөлшерін жоғарылатып, осылайша, сапаны да түсірмеу, бағаны да көтермеу мәселесін қадағалап отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Расында, бұл құнды құжатта еліміздің алдағы бағыт-бағдары айқындалды. Ең әуелі Президент мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғау керегін баса айтты.
«Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» , – деген Президенттің сөзі еліміздегі шағын және орта бизнеске зор серпін берері сөзсіз.
Қазір Үкімет алдына бірқатар негізгі міндетті қойып отыр. Солардың бірі – ғылымды елдің индустриялық қажеттіліктеріне қолдану. Инновациялық өнімді нарыққа шығару идеялардан іргелі зерттеулер жүргізуге, инновациялық бизнесті құруға және дайын өнімді соңғы тұтынушыға дейін жеткізудің күрделі жолын көздейді. Ғылыми өндіріс саласы алдағы уақытта үлкен қолдауларға ие болады деген сенім мол. Аз жылдар ішінде табысқа шығып, алыс-жақын шетелдерге танылып үлгерген шымкенттік кәсіпорын осының айғағы.
19-12-2023, 23:28
Шымкентте дезинфекциялық препарат өндіретін орталық нәтижелі жұмыс істеп келеді
Фото: pixabay.com
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз