Мемлекет еңбек өнімділігін арттырып, ішкі нарыққа арналған өнімді ілгерілетуді көздеген кәсіпорындардың шығындарын өтеу жөніндегі жұмысты жалғастырып келеді. Осындай мемлекеттік қолдау тетігін тиімді пайдаланған кәсіпорындардың бірі Шымкент қаласындағы Shymkent Qagazy ЖШС, деп хабарлайды kazlenta.kz.
QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы арқылы мемлекеттік қолдауды иеленген зауыт қарқын алып, өндірісін кеңейтумен бірге өз өнімдерін көрші өңірлерден бөлек шет мемлекеттерге экспорттауды жоспарлап отыр.
Қазір компанияда 40 адам жұмыс істеп келеді. Таяу келешекте өндірісті ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашу көзделген.
«Біздің кәсіпорын өңірдегі жас және келешегі зор зауыттардың бірі (2021 жылдың желтоқсанында ашылған). Қазір қалдықтармен жұмыс істеу саласында «жасыл» экономикаға басымдық беріліп келе жатқаны белгілі. Бұл ретте қағаз өнімдерін пайдалану экологиялық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі шарттарының бірі саналады», деді Shymkent Qagazy ЖШС-нің өндіріс жөніндегі директоры Бейбіт Қалқаман.
Компания макулатураны өңдеу ісін жолға қойған. Өңдеу арқылы гофротараны дайындау үшін қағаз және картон түрінде негізгі шикізат алынады. Қағаз өндіру қондырғысының өндірістік қуаты тәулігіне – 65 тонна. Қажетті жабдықты орнату бойынша шығынды мемлекет өтеген. Аталған компания өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалатын шығындарының белгілі бір бөлігін өтеуге байланысты QazIndustry-ге жүгінген. Бұған қоса қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін Қытайдан арнайы мамандар шақырылды.
«Қағаз өндіру кәсібінде жас болсақ та сапалы шикізат базасымен нарыққа шығып, осындай өнім түрлерін ұсыну арқылы бәсекелесе алатынымызды мақтан тұтамыз. Бұл істе мемлекеттік қолдаудың шарапатын байқадық. Қазақстандық кәсіпорындарға осындай көмек көрсетілетіні қуантады», деді Б.Қалқаман.
Бұл ретте Shymkent Qagazy-ның өнімдеріне күнгей өңірден басқа Алматы облысы мен Алматы қаласында сұраныс жоғары. Кәсіпорынның Өзбекстанға қағаз бен картонды экспортқа шығару бойынша оң тәжірибесі бар. Сол себепті шымкенттік кәсіпорын сыртқы нарықты да игеруді межелеп отыр. Қазір шығарылатын өнімді Түркияға жеткізудің жолдары қарастырылып келеді.
«Тиісті жоба екі кезең бойынша іске асырылады. Алдымен шикізат өндірісі, яғни гофрленген қағаз және өндіріс ағынында тұрған гофрленген картонның жалпақ қабаттарына арналған картонды өндіру ісі жолға қойылмақ. Екінші кезеңге сәйкес гофрленген қораптарды, науаларды және т.б. шығару жөніндегі цех іске қосылады. Оның құны – 1,7 млрд теңге. Бұл арқылы 100 адам жұмыспен қамтылады. Өнімнің 30%-ын экспортқа жіберуді жоспарлап отырмыз. Гофрленген өнімдерді өндіру цехы 2024 жылы ашылады деп көзделген», деді Б.Қалқаман.
Гофротара өндірісінің жаңа желісі аталған компанияның экономикалық қауқарлығын нығайтып, өндірістік мүмкіндіктерін ұлғайтуға септеседі. Кәсіпорын үшін бұл табыс әкелсе, қалалық бюджет үшін салық түсімдерін молайтады.
Зауытта әр өнімнің сапасына жіті мән беріледі. Қағаз жасау аппаратының базасында барлық өлшем құралымен жабдықталған зертхана жұмыс істейді. Мұнда өндірістік циклдің барлық кезеңінде бақылау жүргізіледі. Кәсіпорынның өнімдері мемлекеттік стандарттың барлық талабына сай және сәйкестік сертификаты берілген.
Осы орайда елімізде өңдеу саласымен айналысатын өнеркәсіп кәсіпорындары еңбек өнімділігін арттыру мен өнімді ішкі нарыққа ілгерілету бойынша жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтей алатынын айта кетейік. Бұл қызметтердің операторы Qazindustry саналады.
Қажетті өтінішті Qazindustry.gov.kz сайты кіріп, онлайн беруге болады. Аталған платформада бизнесті мемлекеттік ынталандыру шараларының шарттары мен тетіктері туралы толық ақпарат орналастырылған.