Бүгін Шымкент қаласы әкімінің аппараттық мәжілісінде қар тазалау жұмыстарын пысықтауға басымдық берілді. Жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жолды қардан тазалау барысында шалғай елді мекендерге аса назар аударуды тапсырды.
Күн тәртібінде қызылша ауруына қарсы вакцинациялау мен қазіргі эпидемиялық ахуал және жылу мәселелері қаралды. Қалада қар тазалау жұмыстарына 155 арнайы техника жұмылдырылған. Ал 1 500-ден аса жұмысшы аяқ жолдарды тазалауда. Сондай-ақ бүгінгі ауа райына байланысты көктайғақтың алдын алу мақсатында инертті материалдар себілуде. Қар тазалау барысы қала басшысының тікелей бақылауында.
Мегаполисте қызылшаға қарсы вакцинациялау 33,5 пайызға өсті. Қазіргі уақытта 59 604 контингент екпе алды. Бұл көрсеткіш еліміз бойынша қамту деңгейінен 35,1 пайызға жоғары. Яғни, жоспарлы вакцинация қарқынды түрде жалғасуда. Бұл үшін екпе қоры жеткілікті. Бүгінде эпидемиологиялық ахуал тұрақты.
Қала бойынша жалпы 823,842 шақырым жылу желісінің құбыры бар. Оның ішінде магистральдық жылу желілері — 152,0 шақырым, ал ішкіорам жылу желілері 671,842 шақырымды құрайды. «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның жылу желілерінде 26 бірлік қазандық, 17 бірлік сорғы станциясы бар. Өткен аптада Тұран-1, Тұран-2 және ӘІО қазандықтарынан ақау болып, тез арада қалпына келтірілді. Қазіргі таңда Қаратау ауданы әкімдігінің қызметшілері «Қуатжылуорталық-3» МКК-мен бірігіп, жылу бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қала әкімі жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша сала басшыларына жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.
19-12-2023, 17:55
Шымкентте қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация қарқынды жалғасуда
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз