Ұлттың ұлт болып қалуы, қоғамның дамуы, мемлекеттің өркендеуі ең алдымен отбасы тарбиесінен бастау алады. Бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу мемлекеттік деңгейде қадағалануы тиіс. Қаладағы N°35 Мәншүк Мәметова атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде өткен кездесуге Семей ядролық полигонының ардагерлері: Еркінбек Утенов және Бахадир Махмудов құрметті қонақ ретінде арнайы шақырылды.
"Отбасы - адам баласының өсіп-өнетін, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар отбасында болады. Оны ұрпақ санасында қалыптастыратын - ардақты әкелер мен аяулы аналар. Сол үшін осы екі жанның қадір-қасиетіне жете біліңіздер", - деді ардагер Еркінбек Утенов өз сөзінде.
Жылуарлы өткен кездесуде отбасы қундылықтарын дәріптеу мен оның бағасына жете білу жөнінде салихалы әңгіме өрбіп, жастарды ел мен жерді сүюдің құны отбасынан бастау алатындығы айтылды.Айта кетейік, үшінші мегаполис жастары отбасы құндылықтарына арналған келелі жиындарды көптеп ұйымдастырып тұрады. Спикер ретінде қоғам қайраткерлері мен елге еңбегі сіңген азаматтар, айтары бар ақсақалдар, сондай-ақ түрлі қазақы ұйымдардың белсенділері шақыртылып отырады. Олар өздерінің көрген-білгендері, өмірден түйгендерімен бөлісуге әрдайым асық.