Қазақстан экономикасының құрылымында маңызды тағы бір өзгеріс: Қайрат Боранбаевтың бұрынғы активі – "АЗИЯГАЗ Чунджа" ЖШС енді "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқаруына өтеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов жоғары қысымды жерасты газ құбырын, "Шарын" автоматтандырылған газ тарату станциясын, электр беру желісін және жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асатын басқа да активтерді қоса алғанда, бағалау құны 6,4 млрд теңгені құрайтын "АЗИЯГАЗ ЧУНДЖА" ЖШС-ны 100% мемлекетке өз еркімен және өтеусіз тапсырды.
Берілген мүліктің теңгерімінде жерасты газ құбыры – "СҚУ 59" жіп "кран торабынан" Қазақстан-Қытай "магистральдық газ құбырынан" Шарын АГТС дейінгі құбыр, сондай-ақ газ реттеу пункттері, кентішілік газ құбырлары және Шонжы ауылындағы өнеркәсіптік базасы енеді.
Қазақстан үкіметінің қаулысымен бұл актив "Самұрық-Қазына"ұлттық әл-ауқат қорының басқаруына өтеді.
Еске салайық, жуырда белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев ісі бойынша апелляциялық сот үкімі шықты. Сот кәсіпкердің жазасын жеңілдетті. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Боранбаевтан мемлекет кірісіне:
- Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы коммерциялық үй-жай және 686 млн теңгенің жер учаскесі;
- Банк шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат;
- Халық банкіндегі түрлі шоттардағы 5 млн 685 мың 727 доллар, 1 млн 170 мың 329 доллар, 755 млн 859 мың 601 теңге, 193 млн 170 мың 137 теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат тәркіленді.
Сондай-ақ, Қайрат Боранбаев мемлекетке құны 1,4 млрд теңгеден асатын қонақүйді тапсырды, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды және өзінің меншігіндегі сауда орталығы мен фитнес желісін мемлекет меншігіне өткізді.
Бұдан бөлек, кәсіпкердің жалпы құны 58 млрд теңге болатын кен орны, зауыты пен компаниясы мемлекетке өтті.
20 қарашада Боранбаевтың түрмедегі жазасы бас бостандығын шектеуге алмастырылғаны белгілі болды.Сотталушы пробациялық бақылауда болатыны хабарланды.