Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекет меншігіне қайтару шараларын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет кірісіне кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті.
"Атап айтқанда, жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан "Алмалы" сауда орталығының ғимараты, жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын Unity Hall ЖШС. "Алматы Тауэрс" бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады".ҚР ҚМА баспасөз қызметі
Қаржылық мониториг агенттігінің мәліметінше, бұған қоса "Fitnation" фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті.
"Нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан. Бұл нысандардың барлығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарланып отыр".ҚР ҚМА баспасөз қызметі
2023 жылғы 16 қазан күні Қаржылық мониторинг агенттігі Қ. Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын Comfort Hotel Astana қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер бергенін хабарлады.
Бұдан бөлек ол шетелден қайтарылған 66 миллион доллардан астам қаржыны мемлекетке қайтарды.