Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Ақжолтай ақпаратты президент Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлады. Осыған орай, еліміздің барлық аймағынан қуанышты хабарды жарыса бөлісіп жатқандар легі көптеп байқалды.
Демографиялық ахуалды жақсартуға ат салысып жүрген үшінші мегаполис тұрғындары да бұл жаңалықты жақсылыққа балап қарсы алды. Шымкенттегі жоғары оқу орындарында жылдар бойы дәріс беріп келе жатқан, белгілі доцент, саясаттану ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбековтың айтуынша Қазақстан баяу да болса тұрақты даму көрсеткішіне ие боп келеді.
"Елімізде тәуелсіздік жылдары халық саны күрт төмендеген еді,ол енді геосаяси мәселелерге байланыст түсінікті жағдай болды. Қазіргі таңда халық саны 1,28,-1,49 аралығындағы коэффициентпен келе жатыр. Баяу бірақ тұрақты. Адамның өмір сапасы, отбасы мәселесі өзекті боп қала береді. Алдағы он жылдықта кемі 25 миллионға жету көзделуде. Алматы, Түркістан, Қызылорда және Шымкент қаласында демографиялық ахуал жақсарып келеді. Саннан сапа шығады, үлкен территорияны иемденген біздің елде, халық санының артуына мемлекет тарапынан үлкен мән беріліп келеді. 20 миллионыншы тұрғынды шын жүректен құттықтаймыз!", - дейді саясаттанушы Сәкен Мәжімбеков.
Қазақстанда бала туудың ең жоғары көрсеткіші 2021 жылы тіркелген. Нақтырақ айтсақ, бір жылда 446 491 бала дүниеге келді. Сондай-ақ, елімізде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы да 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6 жарым жылға өсіп, 74,4 жасты құрап отыр.