А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің (North West Agriculture and forestry university, NWAFU) аграрлық факультетінің деканы, профессор Shan Weixing бастаған Қытай делегациясы іс-сапармен келді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің ректоры Сейтбек Қуанышбаев бастаған делегация Қытайдың ең үздік аграрлық университеттерінің қатарына кіретін солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде (NWAFU) болып, өзара ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.
Міне, енді екі тарап Қостанай жерінде агрономия, ветеринариялық медицина, экология және биология саласындағы ынтымақтастықтың егжей-тегжейін талқылау үшін кездесті. Осы мақсатта ҚӨУ-де жол картасы әзірленді, онда екі жоғары оқу орны да жұмыс істейтін барлық бағыттар көрсетілген.
Біріншіден, бұл студенттер мен оқытушылардың тағылымдамалары, академиялық ұтқырлық бағдарламалары. Бірақ басты назар бірлескен ғылыми зерттеулерге аударылады.
Атап айтқанда, ҚӨУ базасында агроорталық құру туралы сөз болып отыр, онда NWAFU-мен бірлесіп университет ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын сынайтын болады. Ол үшін университет жанындағы қолданбалы биотехнология ғылыми-зерттеу институтының базасында картоптың вируссыз тұқымдық материалының зертханасы құрылады. Жақын арада Қостанайлық ғалымдар тағылымдамадан өту үшін Қытайға барады, ал 2024 жылдың мамыр айынан бастап зерттеу жұмыстарын бастайды.
Жан-жақты талқылаулар барысында тараптар магистратура бағдарламасы бойынша ҚӨУ және NWAFU қос дипломды бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыс топтарын құру туралы келісті.
Қытайлық қонақтар университеттегі IT-Hub ғимараттарына барып, ҚБҒЗИ зертханаларының қалай жұмыс істейтінін көрді, ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетіне барып, ЖОО оқытушылары мен студенттерімен кездесті.