ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орал қаласына жұмыс сапары аясында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері үшін салынып жатқан 500 орындық жаңа жатақхананың құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Заман талабына сай бой көтерген 9 қабатты нысанда мүгедектігі бар білім алушыларға 16 орын қарастырылған. Секциялардың әрқайсысында ас, жатын және жуыну бөлмелері бар. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарын 85%-ға аяқтаған мердігер компания қыркүйек айында нысанды пайдалануға бермек.
«Бұл жатақхананың ерекшелігі – ұлғайтылған жоғарғы стандартты комфорт. Бұрынғыдай тұрмыстық бөлмелер бір қабаттағы тұрғындардың барлығына ортақ емес, жеке пәтер есебінде салынған. Мүмкіндігі шектеулі студенттерге инклюзия форматына сәйкес бөлмелері жабдықталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы 7 жылда 70 мыңнан астам студентті төсек-орынмен қамтуымыз керек. Биылғы 1 жылдың өзінде мемлекет тапсырысымен 10 мың орын дайындалуда», - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар, министр М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, көне кітаптар көрмесін тамашалады.
Бұдан кейін Саясат Нұрбек Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетіне барып, ондағы ғылыми зертханаларды аралады. Өңірдегі өндірістік сала мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны дамуының экономикалық көрсеткіштері, білім берудің сапасы, ғылыми бағыттар бойынша жасалып жатқан жұмыстардан хабардар болды.
Ал, министрдің Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне (БҚИТУ) сапары оқу ғимаратының алдына шырша егу шарасынан басталып, жаңа Телестудияның лентасы қиылды. Оқу-тәрбие үдерісін тиісті деңгейде жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында жабдықталған арнайы оқу кабинеттері мен зертханалардың жұмысы көрсетілді.
Өңірге сапарының соңында Саясат Нұрбек Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне (ҚазИИТУ) барды. Министр Студенттер сарайында жоғары оқу орнының ғылыми жетістіктері көрсетілген көрмені аралап, ғалымдардың академиялық серіктестерімен бірлескен ғылыми әзірлемелерін, робототехника саласындағы, IT технологиялар саласындағы жұмыстарын қарады.