Қазақстанда азаматтарды қаржылық сауаттылық курстарымен қамтуды кеңейту, сондай-ақ несие беру және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау кезінде тәуекелдерді азайту бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу жоспарланып отыр. Аталған мәселелер ҚР Үкіметінің отырысында қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету үшін бірқатар жүйелі және жедел шара қабылданып жатқанын баяндады. Олардың бірі – барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құру.
Жобалық кеңселердің маңызды міндеті азаматтарға несиелер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ банкроттық, жұмысқа орналасу және бизнесті қолдау шараларын алу мәселелері бойынша жәрдемдесу сияқты өзекті мәселелерді шешуде көмек көрсету болмақ.
Тағы бір бағыт – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Атап айтқанда, бүгінгі таңда ЖОО студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталып жатыр. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде.
Сонымен қатар республикада банкроттық және жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қарастырылған. Оны банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша қолдануға болады.
Азаматтардың ХҚКО, eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы өтініш беру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Qoldau деп аталатын жеке тұлғалардың банкроттығы жөніндегі жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Ол өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің критерийлерге сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді. Бүгінгі таңда жалпы борыш сомасы 9 млрд теңгеден асатын 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды.
Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов баяндама жасады.
Премьер-Министр халықтың шамадан тыс кредит алуы үлкен әлеуметтік-экономикалық проблемаға айналып бара жатқанын айтты.
Мәселен, биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктердің тұтыну кредиттерінің портфелі 9,2 трлн теңгені құраған. Бұл орайда бір қарыз алушыға шаққандағы берешектің орташа мөлшері шамамен 1,5 млн теңгені, ал проблемалық тұтыну кредиттері бойынша 1 млн теңгені құрайды.
«Кейбір азаматтар мерзімі өтіп кеткен кредиттерін жабу үшін одан да жоғары пайызбен жаңа кредиттер алады. Осылайша, шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен бата береді. Ал банк кредит беруден бас тартқан жағдайда, олар пайыздық үстемесі өте жоғары микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Осылайша, адамдар қаржылық сауатсыздықтың кесірінен жағдайын қиындата береді», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы бұл мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырғанын айтты. Жоба халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың кредиттер бойынша проблемалық берешектерін реттеуде және жұмысқа орналасуда консультациялық көмек беруге бағытталған.
Қазірдің өзінде Қазақстанның 8 өңірінде 45 мың адам қаржылық сауаттылық негіздері бойынша білім алды. 2023 жылдың соңына дейін 60 мың азаматты қамту жоспарлануда.
«Алдағы 3 жылда 550 мың оқушы мен студентті қаржылық сауаттылыққа оқыту, мектептер мен жоғары оқу орындарының 8 мыңнан астам оқытушысын даярлау, банктер мен микроқаржы ұйымдарының 200 мың қарыз алушысына көмек көрсету жоспарланып отыр. Барлық жауапты мемлекеттік орган мен әкімдік “Қарызсыз қоғам” жобасындағы іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуі қажет», — деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, кредит беру кезінде тәуекелдердің алдын алу және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамалық түзетулерді пысықтауда.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, шамадан тыс кредит алу проблемаларын түбегейлі шешу үшін банктерде және алушылардың санаттарына қарай тұтынушылық кредит шарттары бойынша шектеулер енгізу қажет.
«Микроқаржылық ұйымдардың, әсіресе “жалақыға дейін” қарыз беретін ұйымдардың шекті кредиттеу мөлшерлемелерін, сомалары мен мерзімдерін қайта қарау қажет. Осыған байланысты ұсынылып отырған барлық заңнамалық түзету пысықталып, жыл соңына дейін Парламентке енгізілуі тиіс. Аталған шаралар азаматтардың шамадан тыс қарыз алуын шектеуге ықпал етеді», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламалары аясында қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауы керектігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауы тиіс екенін айтты.
«Кәмелетке толған жастар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін қалай дұрыс есептеу керектігін, кредитті қалай және қандай кредит алу керектігін нақты түсінуі керек. Мұндай тәжірибе көптеген елде бар», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Үкімет басшысының айтуынша, халықтың шамадан тыс кредит алу проблемасын шешу құралдарының бірі – азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы институты болып табылады. Сонымен бірге борышкерлердің бәрінде бірдей банкроттық рәсімін пайдалану мүмкіндігі жоқ.
Проблемалық қарыз алушыларды көбірек қамту үшін Қаржы министрлігі осы жылдың соңына дейін құжаттар беруді оңайлату және соттан тыс банкроттықты қолдану рәсімін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
«Бірақ адамдарда “банкрот болсақ, қарызды жаба салады екен” деген қате түсінік болмауы тиіс. Бұл – үлкен жауапкершілігі мен белгілі бір шектеулері бар маңызды қадам», — деді Премьер-Министр.
Оған қоса Үкімет басшысы бүгінгі таңда банк саласындағы интернет-алаяқтық өзекті мәселеге айналғанын айтты. Жалпы соңғы жылдары мұндай фактілердің саны 5 есеге дейін көбейіп кеткен.
«Осы жылдың басынан бері интернет-алаяқтыққа байланысты 15 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді. Келтірілген зиянның мөлшері 13 млрд теңгені құрады. Оның 65%-ын шетелден келген алаяқтар жасаған. ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен және мобильді байланыс компанияларымен бірге осындай жағдайларға мониторингті күшейтіп, алаяқтық фактісі бойынша азаматтардың өтініштерін жедел қарауы керек», — деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр халықтың шамадан тыс несие алу мәселесінің ұтымды шешімі жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындарын құру екенін айтты.
«Бұл халықтың табысын арттыруға және кредит алуын төмендетуге барынша оң әсер етеді. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жоспарланған инвестициялық жобаларды, әсіресе шикізаттық емес секторларда іске асыруды жеделдетіп, жаңа жобаларды пысықтауы тиіс», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.