Қазақстандық тауарларды Қатарға жеткізудің қосымша арналарын құру, екі елдің бизнесі арасындағы ынтымақтастықты нығайту және өзара тауар айналымын арттыру – 3 қазанда Дохада өткен жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясының 6-шы отырысына қатысушылар алға қойған мақсаттарына үлес қосуға деген ұмтылысы пен ниеттерін білдірді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Комиссияға Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, ал Қатар тарапынан сауда және өнеркәсіп министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасым Әл Тани тең төрағалық етті.
Қатар сауда және өнеркәсіп министрі өз сөзінде атап өткендей, бүгінде Халықаралық валюта қорының ақпараты бойынша Қатар өз аймағындағы дамудың ең жоғары қарқынына қол жеткізіп, инвестициялық тартымдылығы бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұр.
«Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз жақсы бағытта дамып келеді, Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің Астанаға сапары барысында бірқатар келісімдерге қол жеткізілді, бұл бізге белгілі бағыттарда өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Қазақ инвесторларын біздің кәсіпкерлермен берік әріптестік орнатуға шақырамын. Мен екі ел арасындағы тауар айналымы жаңа биіктерге жететініне сенімдімін», — деп атап өтті шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасим Әл Тани.
Өз кезегінде Серік Жұманғарин екі мемлекет арасындағы тығыз байланыс екіжақты қарым-қатынастардың дамуына оң серпін беретінін баса айтты. Бұған жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлар дәлел бола алады.
«Біз Қазақстанның халықаралық аренадағы сенімді әрі маңызды серіктесі Қатар мемлекетімен жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән береміз. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде екі ел ашық саяси диалогқа және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады. Бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдар жүзеге асырылып келеді, Алматы–Доха арасында аптасына 7 рейс қарқындылығымен тікелей әуе қатынасы орнатылды. Келіссөздер жүргізіліп, рейс санын 28-ге жеткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
Серік Жұманғарин тараптардың басқа салалардағы өзара іс-қимылын жандандыруды ұсынды.
«Қазақстандық ет және басқа да азық-түлік өнімдерін өндірушілер Қатар нарығына тауар экспорттауға қызығушылық танытып отыр. Осыған байланысты елдеріміз арасында Халал-сертификаттарын үйлестіру рәсімдерін жеделдету орынды деп санаймын. Сонымен қатар біз уылдырық, балық, бал және т.б. сияқты азық-түлік өнімдерінің премиум сегментін жеткізуге дайынбыз. Сондай-ақ елдеріміз арасында энергетика саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бүгінгі таңда Қазақстан газ өңдеу және газ химиясын дамыту, сондай-ақ сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттар салу арқылы тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару бойынша елеулі міндеттер қойып отыр», — деді С.Жұманғарин.
Үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысы қорытындысына сәйкес тараптар хаттамаға қол қойды, онда өзара инвестициялар үшін қазақстандық және қатарлық бизнес арасындағы байланыстарды жандандыру ниетін білдірді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда, табиғи ресурстарды пайдалану мен энергетика, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, IT және коммуникациялар, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастық үшін басым бағыттар шеңберін айқындады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қатардағы қазақстандық қызметкерлердің жұмыспен қамтылуын реттеу жөніндегі екі ел үкіметтері арасындағы келісімге қол қоюға мүдделі екенін білдірді. Құжат еңбек көші-қоны мәселелерін жеңілдетуге, сондай-ақ қазақстандық тарапқа қолжетімді және Қатардағы еңбек нарығында сұранысқа ие кадр агенттіктері мен мамандықтардың тізімдерімен алмасуды жолға қоюға мүмкіндік береді.
Анықтама: 2023 жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қатар арасындағы тауар айналымы 2 есеге артып, $4,8 млн-ға жетті (2022 жылғы қаңтар-шілде
– $2,8 млн). Экспорт $0,4 млн, импорт $4,3 млн құрады. Жалпы 2005 жылдан бастап 2022 жылға дейін $56,6 млн сомасына инвестиция тартылды. Қазір Қазақстанда 3 қатарлық компания жұмыс жасайды, оның ішінде 1 – қаржы секторында, 2 – ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асырады.