Сарықамыс мөлтек ауданындағы “Гаухартас” тұрғын үй кешеніндегі бір біріне жалғасқан 8 үйді қатарынан өрт шарпыған. Бөлмелердің ішінде аяқ басатын жер жоқ, ал екінші қабаты түгел күлге айналған. Өрттен соң үй иелері пайдалануға болатын заттарын жинап, өрттің орнын жинастырып жатыр. Тілсіз жау тосыннан тап келгенде тұрғындар құжаттарын түгендемек түгілі, үстеріне дұрыс киім де киіп үлгермепті.
"Бұл үйді 10 жыл бұрын сатып алдық. Мұнда ата-анам тұрады. Қазір олар көршілермен бірге әкімдікке кетті. Көріп тұрғандарыңыздай, үй түк қалмастан өртеніп кетті. 180 шаршы метрді құрайтын үйдің 90 пайызы күлге айналды. Ешқандай құжат та қалмады. Әкемнің жинаған біраз ақшасы да өртке оранды. Бар жағдаймыз осы", - дейді "Гаухартас" кешенінің тұрғыны Алтынбек Сұлтанов.
Тұрғындардың айтуынша, өрт 10 шілде күні түнде кір жуатын машинадан басталған. Өрт жалыны қатты болмаған соң, өрт сөндірушілер де оқиға орнына кеш келеді. Техникадан шыққан өртті тұрғындардың өзі өшірген. Дегенмен, лаулаған өрт болмағанын сылтауратқан өрт сөндірушілер оқиға орнына келмеген. Техникадан шыққан өртті тұрғындар өздері өшірген.
"Түндегі өртті көршілермен бірге өшірдік. Келесі күні таңертең тағы өрт шықты. Өрт сөндірушілері келді, бірақ өрт соңына дейін өшірілмеген. Түс кезінде от қайтадан тұтанып, көрші үйлердің шатырына дейін жалғасты. Барлығымыз далаға шығып үлгердік. Әкімдіктен мамандар келді, бірақ жеке сектордың үйлері болғандықтан ешқандай көмек көрсетілмейтінін айтты", - дейді Нұршат Жазықова есімді тұрғын.
Үйсіз қалған 8 отбасы туыстардың үйін жағалауға мәжбүр. Барынан айырылған халық енді жергілікті билікке үміт артып отыр. Қалалық әкімдіктегілер қазіргі уақытта келтірілген шығынның есептеліп жатқанын айтады. Тұрғындарға қандай көмек көрсетілетіні әзірге белгісіз.
"Бүгін әкімдікте "Гаухартас" тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесу өтті. Әкімдік жанынан комиссия құрылып, жалпы шығын есептелетін болады. Сондай-ақ тұрғындарды және әкімдік қызметкерлерін бір чатқа қосамыз деп келістік, ол жерде қала әкімі де отырады. Тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіретін болады. Әзірге шығынды анықтау жұмыстары жүргізіледі" , - деді Атырау қалалық әкімдігінің төтенше жағдайлар және жұмылдыру жұмыстары бөлімінің басшысы Талғар Хайруллин.