Биыл 2,7 млрд теңгеге 16 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Оның ішінде Самар ауданының ауруханасында жөндеу жұмыстар аяқталып қойды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев облыстық мәслихаттың сессиясында "Жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы" баяндамасында айтты.
Жиын барысында өңір басшысы облыста денсаулық сақтауды жаңғырту бойынша жұмыстар жалғастырылатынын атап өтті.
«Ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында 207 млн. теңгеге 60 бірлік жабдық сатып алынды, қалған жабдықты жеткізу 2023 жылдың екінші жартыжылдығында жоспарлануда. Барлығы 412 бірлік медициналық жабдықты сатып алуға 3,9 млрд. теңге бөлінді», - деп қосты әкім.
Сонымен қатар, құрылысы басталған Гематология орталығының, Риддер қаласындағы 140 төсектік стационары бар көпбейінді аурухана кешені мен 500 келушіге арналған емхананың, Қасым Қайсенов кентіндегі емхананың құрылыстары 2025 жылға дейін аяқталады.
«Денсаулық сақтау саласының қарқынды дамуы медицина қызметкерлерінің кәсіби өсуін талап етеді, сондықтан дәрігерлерді оқыту, оның ішінде жетекші шетелдік клиникаларда да оқыту жалғасады. 27 дәрігер біліктілігін арттыру үшін Израиль, Латвия, Германия және Ресей клиникаларында оқуда», - деді әкім.
Сондай-ақ, Ермек Көшербаев Президент алға қойған міндеттерді іске асыру аясында 2 жыл ішінде ауылдарда 36 медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толық жарақтандырылатынын айтты.
«Ағымдағы жылы 19 нысанның құрылысын қаржыландыруға 2,9 млрд. теңге жоспарланған. Біздің мақсатымыз-ана мен бала өлімінің мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу. Қан айналымы жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден, әлеуметтік маңызы бар аурулардан болатын өлім мен сырқаттанушылық деңгейін төмендету», - деп түйіндеді ШҚО әкімі.