Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысында мұнай төгілген жерге түйе батып кеткені туралы ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Экология министрлінің анықтауынша, мұнай төгілу орны мемлекеттің меншігінде және 2020 жылдан бастап мұнай эмульсиясы ағып жатқан "Шалба" учаскесіндегі НШ-П1 ұңғымасы болып табылады.
“Осыған дейін экология департаменті Құқық қорғау органдарына және басқа да құзыретті мемлекеттік органдарға ұңғыманы жою жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы хаттарды бірнеше рет жолдаған. Мәселен, 2020 жылғы 24 шілдеде Маңғыстау АІІБ қылмыстық іс қозғады (№1-4-8/1634-I), алайда қылмыс сипатының болмауына байланысты тоқтатылды”, – делінген хабарламада.
ҚР Энергетика министрлігі жариялаған мұнай кен орны бойынша Мемлекеттік сауда-саттықта жеңімпаз болып "ARK Petroleum" анықталды, ол келісімшарт жасасқаннан кейін ластанған учаскені рекультивациялау және тазарту жүргізілетін болады.
“Жануарлардың учаскеге кіруін болдырмау мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігімен қоршаулар орнатылды. Бұл ретте, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы № 168 "үй жануарларын күтіп-бағу мен серуендетудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес үй жануарларының меншік иесі олардың қауіпсіздігін дербес қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өткен жөн . Қазіргі уақытта экология департаменті облыс әкімдігіне және ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне жануарлар қалдығын жою және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы хат жолданды”, – деп мәлім етті министрлік.
Айта кетсек, бұдан бұрын әлеуметтік желілерде қазақстандықтар экология министрі Зульфия Сүлейменованың Павлодар облысындағы тартылып бара жатқан қызғылт көлге қатысты мәлімдемесіне шүйліккен. Блогерлер, журналистер мен сарапшылар министр мен оның командасының бейғамдығына таң. Қазақстандықтар Сүлейменованың қоластындағылары көлді тексеруге тек сейсенбіде аттанады деген сөзін сынға алды.
Желі қолданушылары Сүлейменова қателіктерден сабақ алмайтынын атап өтті және, жауапты министрлер ТЖ орнына уақытында бармауы салдарынан үлкен зардаптарға апарып соққан Абай облысындағы өртті тілге тиек етті.
Экология министрінің жұмысын өткен аптада мемлекет басшысы да сынға алды. Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қаланы сумен қамту мәселелерін шеше алмағаны үшін Сүлейменованың министрлігіне көңілі толмайтынын жеткізді.
“Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс”, - деді президент.