Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштер ән және би орталық ансамблі мен әскери оркестрінің ұжымдары «Астана – мәдениет керуені» I Халықаралық әскери-музыкалық әскери оркестрлер фестивалі аясында жетінші шілдеде елордадағы Орталық саябақтың аумағында өнер көрсетеді.
Бұл шығармашылық ұжымдар полковник Валижон Дадажонов бастаған Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Руханият және ағарту орталығының құрамына кіреді. Өзбекстан Республикасы Қарулы күштерінің Орталық ән-би ансамблін Зафарбек Бабажанов, ӨР Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрін подполковник Бақтиер Саитжанов басқарады.
Өзбек әскери-оркестрлік ұжымдарының орындайтын туындыларының қазақ музыкалық дәстүрімен көп ұқсастық бар. Екі елдің музыкалық мәдениетінің дамуына тілдердің жақындығы мен бауырлас халықтың ғасырлар бойғы тарихының ортақтығы әсер етті. Өзбек қарнайына тән дыбыс әр қазақтың бойында батырлық жырларда сипатталған сонау түбі бір тарих пен мәдениеттің жақындығын көрсетері сөзсіз.
«Горогли», «Алпомиш», «Кунтугмиш», «Шахсенем және Гариб» сияқты лирикалық – қаһармандық мазмұндағы эпикалық аңыз-дастандардың өзі де бізге жат емес. Олар өлең шумақтарынан құралады. Дастандарды бақсылар мен шайырлар жырлаған.
Өзбекстан музыкалық аспаптарға бай және олардың алуан түрлі бар. Оған ішекті-садақ гиджак, сато, қобыз, сетор; ішекті домбыра, дутар, танбур; ішекті-ұрмалы: чанг; үрмелі сыбызғы, буламан (балабан), сырнай, қошнай; үрмелі – флейта най, гаджир-най; мыс-үрмелі керней; дойру, нагору, чиндаул, сафаиль, кошук жатады.
Өзбекстанның шығармашылық ұжымдарының өнерін алтыншы шілдеде Есіл жағалауындағы жазғы амфитеатрда және сегізінші шілдеде «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында көре аласыздар.