Қытай Халық Республикасынан келген әскери музыканттар Елорданың 25 жылдығына арналған әскери оркестрлердің «Астана-мәдениет керуені» I халықаралық әскери-музыкалық фестиваліне қатысады.
Қытай Халық азат ету армиясының әскери оркестрлері түрлі халықаралық фестивальдердің тұрақты қонағы болып табылады.
Құрамына әскерилер кіретін Аспан асты елі музыкалық ұжымдарының тарихы тым тереңде. Сун әулеті патшалық құрған кезеңде (X–XIII ғасырлар) әскери оркестрлер ерекше танымал болды. Музыканттарының саны кемінде мың адам болатын. Сонымен бірге мұндай әскери музыкалық ұжымдардағы аспаптар да көне дәуір аптаптарымен бірдей еді. Музыканттар әртүрлі кернейлерде, флейталарда, мыс гонгтар мен үлкен барабандарда ойнады.
Бүгінде Қытайдың әскери оркестрлері еуропалық ұжымдардан айтарлықтай ерекшеленбейді. Бірақ олардың қойылымдары жарқын, әсерлі, есте қаларлық. Олар марш музыкасын дефиле шеруімен органикалық түрде біріктіре біледі. Көрермендерді олардың біркелкі құрылымы, синхронды қозғалыстары сөзсіз таң қалдырады.
ҚХР оркестрінің репертуарына түрлі тақырыптық бағыттағы әскери марштар, композициялар мен әндер, оның ішінде қазақ халық әуендері де кіреді.
Қытай Халық Азат ету Армиясының әскери оркестрі 60 жылдан астам уақыт бойы Қытай Халық Республикасының мемлекеттік деңгейдегі салтанатты рәсімдерін атқарып келе жатқан музыкалық ұжым саналады. Осы жылдар ішінде екі жүз елден келген қарулы күштердің, мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары музыканттардың өнерін тамашалады.
50 адамнан тұратын қытай делегациясын Гу Шяу Вань басқарады. Оркестрді Қытай Халық Азат ету армиясының құрмет қарауыл батальоны бастығының орынбасары аға полковник Хан Янхуэй басқарады.