Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Қазақстанда мәдени жәдігерлерді цифрландыру деңгейі қандай?

Цифрландыру – бүгінгі дәуірде экономикалық саламен бірге қоғамдық-саяси және мәдени дамудың барлық саласын қамтыған әлемдік магистральды үрдіс. Технология саласынан басталған тенденция қазір мәдениет пен өнер саласына да аяқ басты. 


Соңғы бір ғасырдың ішінде адамзат қоғамы күрделі өзгеріске ұшырап, төртінші революциялық өндірістік кезеңге қадам басты. Егер ХІХ ғасырда өнер мен мәдениет, көркем сурет пен музыка, театр өнерінің үлгісін тек ақсүйек пен жоғарғы тап өкілдері ғана тамашалай алатын болса, қазір мәдени туындылар әлем халқының 90%-на қолжетімді. Оған әкелген дәл осы – цифрландыру.



Мәдени саясат пен цифрландыру


Мәдени жәдігерлерді сақтау мен оны дамыту, оған жалпыадамзаттық құндылық ретінде қарау туралы ой ХІХ ғасырда айтыла бастаған. Ал мәдениет саласында мақсатты саясат жүргізу, мәдениетті біртұтас әлеуметтік құбылыс ретінде қарау жайлы ойлар өткен ғасырдың 70-80 жылдары айтылды. Мәдени жәдігерлер демократиялық құндылықтардың бірі деген түсінік пайда болды. Содан мемлекеттік саясатта "мәдени саясат" ұғымы қалыптасып, 1967 жылы "мәдени саясат" ұғымы ЮНЕСКО-ның ресми жарлығына енді. Кейін 1990 жылдары мәдениет саласындағы саясаттың құралдары мен әдіс-тәсілдері түзіле бастады.   


Ал мәдени саясатты инструменталды бағыт тұрғысынан қарастырған батыс ғалымдары Ф.Матарассо мен Ч.Лэндри мәдениет саласына инвестиция құю арқылы идеология жүргізуге болатынын алға тартты. Зерттеушілердің айтуынша, мәдени саланы жандандыру арқылы экономикалық және әлеуметтік дамуға қол жеткізуге болады. "Мәдени іске жұмылдырылған кез келген инвестиция әлеуметтік-экономикалық даму мен эффектіге әкеледі, қоғам игілігін байытады" деп тұжырым жасады.


Кез келген мемлекет үшін мәдени саясаттың маңызы зор. Себебі мәдени бастама қоғамның дамуы мен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған саяси мақсат пен стратегияның қалыптасуына қызмет етеді.


Қазақстан – тәуелсіздік алған жылдардан бастап мәдени және тарихи мұраға мән берген ел. Мәдени және тарихи ескерткіштерге ұлттық мәртебе бұйырып, құқықтық жағынан қорғауға алынды.


ХХ ғасырдың ортасында әлемде цифрландыру құбылысы басталды. Ал 1995 жылы "цифрлы экономика" ұғымы пайда болды. Дүниежүзілік банк цифрлы экономика ұғымына "цифрлық коммуникациялық технологияларды қолдану негізінде қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік және мәдени қатынастар жүйесі" деген анықтама берген. Демек, цифрлық экономика дегеніміз тек экономикалық көрсеткіштердің ғана сандық форматқа көшірілуі емес, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет сынды әлеуметтік-қоғамдық салалардың да цифрлық платформаға ауысуын қамтитын кең ұғым.


Қазақстанның "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасында екі негізгі мақсаты айқындалған: оның бірі – мемлекеттік құрылым мен экономикалық секторды цифрландыру болса, екіншісі – адам капиталын дамыту мен ұзақ мерзімді перспективаға негізделген инновациялық экожүйе құру. Мәдени саланы сандық форматқа көшіру аталмыш мақсаттың екіншісіне, адам капиталын дамыту бағытына жатады.



Еуропа тәжірибесі


Еуропа қоғамының түсінігінде мәдениетті сақтау мен қорғау, мәдени жәдігерлерге қамқорлық таныту демократиялық құндылықтардың қатарына енеді. Мәдениетті демократиялық басқарудың бір тетігі деп таниды.


Қоғам мүшелері (азаматтардың, тұрғындардың) мәдени жәдігерлерді танып-білуі, хабардар болуы үшін оны цифрландыру қажет деген түсінікке мән береді. 2018 жылды Еуроодақ мәдени жәдігер жылы деп атады. Мәдени дүниелерді сақтауға, қалпына келтіруге бағытталған бағдарламаларға мол қаржы бөлінді. 


– Технология мен цифрлық инновацияның қауқары бірегей. Соның арқасында азаматтардың мәдени жәдігерлерге қолы жетті. Мұндай ауқымды жетістік тарихта мүлдем болмаған. Мәселен, Europeana онлайн платформа құр сандық сейф қана емес, біздің мәдени мұрамызды сақтаушы алып арна әрі өткен тарих пен келешек өмірге ашық есік, – дейді Сандық экономика жөніндегі Еуропалық комиссия мүшесі Мария Габриэль.


Осы жылы мәдени нысандарды қорғау мен дамыту бойынша 10 негізгі бастаманы бекітті: мәдени білімді арттыру, мәдени туризмді дамыту, мәдени жәдігерлерді көлеңкелі кәсіп көзінен аластатуға, мәдени нысандарға қоғам тұрғысынан қамқорлық таныту, еуропалық халықтардың мәдениетін құрмет тұту бастамалары бар.


Еуропа елдерінің мәдени саладағы саясаты негізінен ЮНЕСКО-мен бірге жұмыс істеуге бағытталған. Еуроодақ елдері арасында мәдени және тарихи нысандар мен жәдігерлерді цифрландыруға мән берген Эстония болды. Балтық жағалауы мемлекеті мәдени мекемелерді заманауи сандық контенттің талаптарына сай қайта құрып, цифрлық саланың еркін дамуына бостандық берді. Мемлекет тарапынан қандай да бір бақылау мен тежеуге жол берілмеді.


Сол сынды Қазақстан үшін де "Цифрлық Қазақстан" мен "Рухани жаңғыру" бағдарламалары мәдениет саласындағы жаңа реформаның пайда болуы мен мәдени саладағы ақпараттық технологиялардың дамуына, мәдени инфрақұрылымдардың қалпыне келтірілуіне серпін берді.



Қазақстан тәжірибесі


Қазақ елі үшін мәдени мұра мен тарихи ескерткіштер ұлттық жәдігер саналады. Мәдени нысандар мен рухани жәдігерлерді киелі, қасиетті санау ұғымы басым.


– Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Қазақстандық мәдениет еліміздің барлық азаматтары үшін патриоттықтың өзегі болуы қажет. Біз ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді әр алуандығын және айбындылығын сақтай отырып, оны қорғауымыз, мұрамызды түйірлеп жинастыруымыз керек, – деген еді бұған қатысты Елбасы Н.Назарбаев.


Елдің мәдени-рухани келбетін қалпына келтіру жұмыстары Қазақстанда 90-жылдардан басталды. 1992 жылдан бастап ҚР Мәдениет министрлігі бірқатар шаралар ұйымдастырып, Ұлттық Кеңеспен бекітілген әлеуметтік-мәдени даму Концепциясы, ҚР Мәдениет министрлігінің "Бүгінгі таңдағы мәдени саясат" Концепциясы қабылданды. Ал 1993 жылғы Ата Заңда елдің мәдениет саласында мақсатты мемлекеттік саясат жүргізу жайлы бап бекітілді. Ал 1996 жылы "Мәдениет туралы" заң қабылданды.


Елде 2000 жыл мәдениетті қолдау жылы деп танылды. Ал 2004 жылы "Мәдени мұра" ұлттық стратегиялық жобасы қабылданып, тарихи-мәдени ескерткіштерді реставрациялау, қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс басталды.  


2014 жылы ҚР-ның мәдени саясатының тұжырымдамасы жасалды. 2017 жылы "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, мәдениет объектілерін цифрландыру бағыты жоспарға қойылды.


2017 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласы жарияланып, Қазақстанның киелі, қасиетті орындарының географиялық картасын жасау мен тарихи жәдігерлерді сандық форматқа көшіру идеясы анық айтылды. Бұл кейін "Рухани жаңғыру" біртұтас концепциялық бағдарламасына айналды. 



Мәдени жәдігерлерді цифрландыру жетістігі


Мемлекеттің мәдениет саласындағы саясатының бір бөлігі – бұл мәдени мұраны сақтау мен оның келешекке ұрпаққа мінсіз жетуіне мұрындық болу. Мәдени мұраны сақтау дегеніміз инфрақұрылымын жасақтаумен қатар, оның құжаттамалық формасын да жасау: құжат түрінде тіркеу, цифрландыру, каталогын жасау, суретке түсіру, электронды форматқа көшіру, яғни, қоғам мүшелерінің бәріне қолжетімді формада беру мен фиксациялау.


Осы мақсатта Қазақстанның киелі орындары мен мәдени жәдігерлерін жаппай сандық, электрондық формаға көшіру басталды.

 

Қазіргі уақытта Қазақстанның тарихи және мәдени жәдігерлерді цифрландырудағы жетістіктері деп келесідей дүниелерді айта аламыз:


- Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы құрылды;

- Қазақстанның киелі орындарының 3D форматы жасалды;

- Қазақстанның қасиетті орындарының виртуалды турлары жасақталды;

- Ұлттық музей қорының мемлекеттік каталогы құрылды;

- Археологиялық жәдігерлердің 3D нұсқалары дайындалды;

- Тарихи киноқұжаттар HD және 4D форматқа көшірілді.


Биыл Қазақстанның жалпыұлттық киелі жерлерінің тізімі 200-ден аса нысанмен толығып, 600-ге жетті.


Елімізде музей ісін жаңғырту мақсатында отандық музей қорындағы экспонаттардың 3D нұсқасы дайындалу үстінде. Қазіргі уақытта Орталық мемлекеттік музейдің алтын және этнографиялық коллекцияларының 1020 жәдігерінің сандық көшірмесі мен 3D форматы жасалды.


Сондай-ақ Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі жәдігерлерін цифрландыру үшін 3D зертхана құрылып, фотограмметрия әдісімен 3D сканерлеу технологиясы қолданылуда. Аталмыш технологияның арқасында музейдің 3D мұрағаты құрылып, алғашқы жылы оған 300-ден астам мүсін өнерінің жәдігері жинақталды. Ал былтыр цифландыруды оңтайландыру арқылы сандық форматқа көшірілген жәдігерлердің саны екі есе көбейді. Сондай-ақ, 2D цифрлық суреттер мұрағаты құрылып, оған 16100 бірлік мұра енгізілді.


Ал Ұлттық музей қорының мемлекеттік каталогы жасалып, елдің қасиетті орындарына виртуалды турлар жасау бойынша қанатқақты жобалар іске қосылды. Музей қорының мемлекеттік каталогына елдің әр түкпірінен жіберілген 40 мыңнан астам дерек енгізіліп, кейбірі мәдени құндылықтар тізіміне қосылды. Каталогтың құрылуына байланысты қазір экспонаттардың 3D үлгісін енгізу оңайлады.


Мәдениет саласындағы цифрландырудың жеткен тағы бір жетістігі – бұл ұлттық электрондық кітапхананың құрылуы. Қазіргі уақытта ҚазНЭБ порталына ХІХ және ХХ ғасырда жазылған кітаптардың сканерленген нұсқалары енгізіліп жатыр. Араб, латын қарпімен жазылған кітаптарды қарап, оқуға болады. 2015 жылы электронды кітапханада 22 мың кітап қоры болса, қазір ол 60 мыңға жетті. Былтыр портал контенті 11 мың құжатпен толығып, көшірілген құжаттардың саны 700 мыңнан асты. Қазір бұл порталға 200 мыңнан аса адам кіреді.


Осы күнге дейін 3 мыңнан аса киноқұжаттың HD форматы жасалып, 500-ден аса киноқұжаттың 4D сандық көшірмесі құрылды. Оларың арасында Шәкен Аймановтың фильмдері, деректі фильмдер мен "Ер Тарғын" операсы бар.


Бүгінде Қазақстанның киелі жерлерінің тізімі жасалып, интерактивті картасы құрылуда. Әр аймақ өз киелі жерінің мәдени нысандарының 3D үлгісі жасалып, жалпыұлттық киелі жерлердің 3D туры бар картасы әзірленіп жатыр.


P.S. Жаһандану заманында мәдениет – этникалық топтардың ажырамас белгісі әрі жұтылып бара жатқан жаһандану үрдісіне қарсы тұрар қаруына айналды. Сондықтан болса керек мәдени жәдігерлерді сақтау мен қорғауға әлемдік деңгейде мән берілуде. Ал мәдени мұраны сақтаудың заманауи әрі ең тиімді жолы – бұл цифрландыру болып отыр. Қазақстанның да мәдени жетістігін сандық форматқа арқылы әлемге ұсынуы жаһандық көшке ілесуге деген ниетінің жарқын көрінісі.

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайын аралап көрді