Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Тілдік капитал қаржылық капиталдың өсуіне қалай ықпал етеді?

Тіл – коммуникациялық құрал ғана емес, экономикаға тікелей ықпал етуші құбылыс. Қарым-қатынас құралының мұндай социо-экономикалық вектор құраушы қабілеті бары ХХ ғасырдың ортасында айтыла бастаған. Америка лингвисі Джозеф Гринберг тілді саяси, экономикалық, географиялық және тарихи факторларды қалыптастырушы құбылыс ретінде қарастыруды ұсынған


Эконометриканың атасы, 10 тіл меңгерген Джейкоб Маршак алғаш лингвистикалық талдауға экономикалық жағынан келіп, тілдік экономикалық және қаржылық сипатының бар екенін анықтады. Соның арқасында тілдің қаржы жұмсау мен табыс табуға, шығын өтеу мен пайда көруге тікелей әсер ететіні белгілі. Маршак тілдің экономикалық сипатын анықтау үшін азаматтың шет тілін үйренуге кеткен шығыны мен одан тапқан табысы арасындағы метриканы өлшеу керек деген ұсыныс айтты. Бұл кейінгі лингвономика ғылымының пайда болуына негіз болды.  


Содан бері ғаламдық коммуникациялық парадигма тілдің әлеуметтік, мәдени және экономикалық қырлары барын дәлелдеді. Қазір әлем жұрты экономикалық қуатты мемлекеттік тілі мен мәдениетін үйренуге, соның есебінен қаржылық мүмкіншіліктерге ие болуға ұмтылуда.



Әлемдік тілдік саясат пен экономика


Қазіргі ғаламдану әлемдік тілдік тенденцияларға, мемлекеттік саясаттың қалыптасуына тікелей ықпал етуде. Бұған дейін мемлекеттік билік ішкі идеологияны құру мен оны қамтамасыз ету үшін ел төңірегіндегі мәселелерге назар аударатын болса, қазір халықаралық оқиғалар мен тенденцияларға көз жүгіртетін болды.


Ғаламдық басты тілдік тенденциялардың бірі – қуатты экономикалық аймақ құрған мемлекеттердің тіліне ауысу, соны игеру үрдісі. Мұндай үрдіс мемлекеттік те, қарапайым тұлға деңгейінде де көрініс табуда. Аймақта экономикалық қуатқа ұмтылған мемлекеттер тілдік саясатты мақсатты бағытта жүргізуде. Мәселен, Сингапурдың экономикалық жетістікке жетуіне әсер еткен факторлардың бірі – дұрыс мемлекеттік тілдік саясат ұстанғаны. Ли Куан Ю 1960-1990 жылдары қостілді қоғам құру, ал ағылшын тілін доминантты тіл ету идеясы адам капиталының жетілуіне, бұл өз кезегінде елдің қаржылық капиталының өсуіне әкелді. Нәтижесінде Сингапур әлемдегі ең мықты экономиканың үштігіне енді.


Ал мемлекеттік тіл саясатын ақылмен үйлестірген Оңтүстік Африка Республикасы жергілікті тілдерге де, шет тіліне де мемлекеттік мәртебе беріп, басқару мен экономикалық табыс көзін түзу жолға қоя алды.  


Үндістан Британ отарынан босап, хинди тіліне мемлекеттік тіл статусын бергенімен, өткен ғасырдың 60-жылдарында ағылшын тіліне қайта оралды. Ағылшын тілін де мемлекеттік тіл етіп бекітті. Ал Африка елдері француз тілінен, экс-кеңес елдері орыс тілінен, Латын Америкасы испан мен португал тілінен бас тарта алмады. Еуроодақта 23 тіл мемлекеттік мәртебеге ие, бірақ неміс, француз және ағылшын тілінің рөлі басымырақ. Себебі Еуропа экономикасының генераторы – Ұлыбритания, Франция мен Германия елдері.


Әлемдік тілдік үрдіс бойынша қостілділік (билингвизм) негізгі тілдік формулаға айналды. Әлемнің 70%-ы, ал Еуропаның 80%-ы қостілді.

Соңғы кезде ғаламдық аренаға араб және қытай тілдері шыға бастады. Әлемдік мұнай қорының 60%-ы тиесілі 22 араб мемлекетінің экономикасы ағылшын тілі мен араб тілінің деңгейін бір дәрежеге теңестірді. ОПЕК құрамындағы 12 мемлекеттің жетеуі – араб елдері. Қазіргі таңда араб тілі – АҚШ экономикасына әсер ете алатын тілдердің бірі.



Шет тілін меңгерудің қаржылық пайдасы


Шет тілін білу адамның экономикалық қабілеттерінің бірі саналады. Әлемдік сауда-саттық пен экономикалық байланыстардың дамуы, жалпы ұлттық қоғам құру үрдісі күшейген тұста шет тілін үйренуге деген сұраныс та жоғарылады. Әрине, шет тілін меңгеру не меңгермеу әркімнің өз қалауы. Десе де, шет тілін үйренгісі келген азамат ең алдымен оның экономикалық пайдасын ойлары хақ.


Тіл меңгеру адам капиталын қалыптастырады: шет тілін үйренген азамат ана тілінде ғана сөйлейтін азаматтардан көбірек табыс табады. Мұны кейінгі лингвономика ғылымы жүргізген зерттеулер мен тәжірибелер дәлелдеуде. Шет тілін меңгергендер өзінің этникалық қоғамынан тыс экономикалық ортада көбірек табыс табуына мүмкіндік береді. Мәселен, Балтика жағалауы мемлекеттерінің азаматтары ағылшын тілін үйрену арқылы табыс көзін эстониялықтар 15%-ға, латыштар 40-60%-ға арттырған (2010 жылғы зерттеу). Ал бұдан бұрынырақ жасалған зерттеулердің бірінде ағылшын-француз тілдерін білген канадалықтардың бір тілде ғана сөйлейтіндерге қарағанда 6% көбірек жалақы алатыны белгілі болған (1985 жылғы зерттеу).  Ал Вьетнамда шет тілін меңгергендердің табысы өзге отандастарына қарағанда 40-60% көп.


Испанияда ағылшын тілін білетіндер – 39%, Аустралияда – 11% көбірек еңбекақы алады. Тіпті, АҚШ-тың өзінде шет тілін білетіндер 2% көбірек табыс табады екен. Ал Ресейде шет тілін білетіндердің орташа еңбекақысы 11%, ал жақсы меңгергендердің еңбекасы 27% көп. Мексикада ағылшын тілінің қайтарымы – 28%, Үндістанда – 10%.


Германияда шет тілі шағын ортада, тар мамандық аясында қолданылады дегеннің өзінде, ондай мамандардың еңбекақысы өзгелеріне қарағанда 12% артық. Швейцарияда бұл көрсеткіш 12-30% аралығында.


Елдің мемлекеттік тілі әлемдік деңгейде қаншалықты бекігеніне байланысты оның экономикалық табыс көзіне айналуы да соншалықты мықты болмақ.


Кей елдер азаматтардың шет тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру үшін мемлекеттік саясат арқылы міндеттеу жолын қолдануда. Мәселен, Грузияның бұрынғы президенті Сакаашвили ағылшын тілін білмейтін азаматтардың жоғары мемлекеттік қызметке орналаса алмайтыны жайлы заң шығарған. Бұл заң әлі күнге дейін бар.



Сауда-саттық пен тілдің таралуы


Сауда-саттық көне замандардан бері шет тілін үйренудің негізгі экономикалық стимулы болған. Х.Эггердің зерттеуінше, екі елдің тілі бір-біріне қаншалықты жақын болса, олардың сауда-саттық, экономикалық байланысы да соғұрлым жақын болмақ. Ал тілі ортақ елдердің сауда-саттығы орта есеппен 1,5 есе көбейеді. Бұл өз кезегінде, саудасы ортақ, серіктестігі бір елдердің бір-бірінің тілін үйренуге деген сұранысты арттырады.


Вебер мен Гинзбургтің зерттеуінше, елдердің бірі-бірімен сауда-саттығы екі есе өскен мемлекеттердің бірі-бірінің тілін үйренуге деген сұранысы 13 пайыз өседі.


Қытайдың мемлекеттік тіл саясаты да дәл осы сауда-саттыққа құрылған. АҚШ-пен сауда-саттық байланысын күшейте отырып, қытай тілінің экспансиясын ұйымдастырмақ болды. 2019-2020 жылдары болған Қытай мен АҚШ арасындағы "сауда соғысының" түп жағында ағылшын тілі мен қытай тілінің әлемдік экономикалық держава тіліне айналу амбициясы жатыр.



Инвестиция мен тілдік құзіреттілік


Калифорния университеті мен Хельсинки экономика мектебі мамандарының бірігіп жасаған зерттеуінде инвесторлардың жобаға қаржы құю не құймауы оның жазылған тіліне тікелей байланысты екені айтылады. Инвесторлар өз тілінде "сөйлеген" жобаларға көбірек қаржы құятын көрінеді.


Экономисттер қос тілді (швед және фин) Финляндияның қаржы биржасындағы мәліметтерді зерттей келе, басшысы швед тілінде сөйлейтін компаниялардың швед тілінде жазылған жобаларға, ал финдер фин тілінде жазылған жобаларға қаржы құйғанын анықтаған.


Мұндай зерттеуді бельгия ғалымдары да жүргізген екен. Олар да француз тілді инвесторлардың француз компанияларының акцияларын, ал голландтар Нидерланды елімен байланысты акцияларды көбірек сатып алғанын байқаған.


2019 жылдың деректеріне сүйенсек, Қазақстанға келген инвестицияның жартысын Еуроодақ елдері ($10,1 млрд, 37 жоба) құйған, одан кейін Ресей ($5,4 млрд, 26 жоба), Түркия ($1,6 млрд, 16 жоба), АҚШ ($718 млн, 9 жоба) және Сингапур ($2,1 млрд, 7 жоба) орналасқан.


Ал Еуроодақ елдерінде негізінен ағылшын тілі мен неміс тілі басым. Одан кейін Ресей мен Түркияның тұруы заңды. АҚШ пен Сингапур де ағылшын тілінде "сөйлейді". Сондықтан бұл тұрғысынан Қазақстан үшін ағылшын тілінің маңызы зор.

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайын аралап көрді