ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстелге (KGIR-2025) қатысты. Форумға 50-ден астам елден 1 мыңнан астам қатысушы, соның ішінде өнеркәсіп, энергетика, АӨК, қаржы, фармацевтика, консалтинг және басқа да салалардағы халықаралық және отандық компаниялардың басшылығы жиналды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажеттігін атап көрсеткенін баса айтты. Басты міндет – мемлекет тек бизнесті сүйемелдеп қана қоймай, жаңа жобаларды құруға және іске қосуға белсенді қатысатын үлгіге көшу арқылы белсенді инвестициялық саясатты жүзеге асыру.
ҚР Үкіметі ұлттық экономиканы трансформациялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Биылғы 9 айда еліміздегі ЖІӨ көлемі 6,3%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,5%-ға артып, шамамен 13,8 трлн теңгеге жетті. Жалпы, Қазақстанның инвестициялық деңгейін әлемнің жетекші рейтингтік агенттіктері растады. Атап айтқанда, Moody's еліміздің ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» деген болжаммен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік көрсеткішке дейін көтерді.
Қазақстан үшін және бүкіл өңір үшін стратегиялық маңызы бар Транскаспий халықаралық көлік бағыты инвестиция үшін келешегі зор аймақ ретінде айқындалды. ТХКБ бойынша ірі инфрақұрылымдық бірқатар жоба, соның ішінде шетелдік капитал мен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Озық шешімдерді енгізуге және стартаптарды одан әрі жеделдетуге бағытталған Alem.ai халықаралық ЖИ орталығының ашылуы цифрлық кластерді нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстан кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау және бизнес жүргізудің тең жағдайларын қамтамасыз ететін құқықтық және институционалдық негіздерін дәйекті түрде нығайтып келеді. Мәселен, $60 млн-нан астам жоба үшін 25 жыл бойы заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін Инвестициялар туралы келісім жұмыс істейді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығында бизнесті жүргізу үшін бірегей жағдай ұсынылады. АХҚО базасында ағылшын құқығы юрисдикциясы заңды рәсімдердің ашықтығына кепілдік береді. Сондай-ақ Орталық «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамыту үшін сенімді серіктес ретінде қызмет етеді.
«Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық және болжамды ел болып қала береді. Инвесторлармен сенімді диалог құру біздің инвестициялық саясатымыздың ажырамас бөлігі. Баршаңызды Қазақстанда бизнесті дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Біз жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов, сондай-ақ инвесторлармен қол жеткізілген уағдаластықтар ҚР-дағы нақты жобалар мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қалай тез айналатыны туралы айқын мысалдар келтірді.
KGIR-2024 алаңында қол жеткізілген келісім шеңберінде Fufeng Group компаниясы бүгінде жүгеріні терең қайта өңдеу бойынша агропарк құру жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорын жақын арада пайдалануға беріледі.
Биыл PepsiCo-мен уағдаластық Алматы облысында тұзды тіскебасарлар шығаратын зауыт салу түрінде нақты нәтижелерге әкелді. Кәсіпорын келесі жылдың басында іске қосылады.
Ынтымақтастықтың жоғары динамикасының тағы бір айқын дәлелі – Dalian Hesheng Holding Group компаниясының бидайды терең қайта өңдеу зауытын салуы.
Қазақстан Президентіне бір күн бұрын испандық Roca Group компаниясының заманауи сантехника өндіру жөніндегі бастамасы ұсынылды. Жаңа кәсіпорын жоғары сапалы экспортқа бағдарланған өнім шығаратын болады.
Осы жылдың басында келіссөздер жүргізілген Lihua Group компаниясы Түркістан облысында орналасқан TURAN арнайы экономикалық аймағының аумағында мақта-тоқыма кластерін құру жобасын іске қосты.
Небәрі 2 жылдың ішінде жүзеге асырылған ауқымды жобалардың бірі – жаңадан ашылған KIA Qazaqstan автомобиль зауыты.
Премьер-министр мемлекет пен бизнестің үйлестірілген күш-жігері Қазақстанның инвестициялық және технологиялық дамуына қосымша серпін беретінін атап өтті.
KGIR-2025 қатысушылары қолайлы инвестициялық саясат, ашық құқықтық жүйе, мықты қаржылық құрылым және болжамды экономикалық орта Қазақстанды бизнеске сенімді серіктес ететінін атап өтті.
Ресей, Беларусь, Кавказ және Орталық Азия аймағы бойынша PepsiCo компаниясының президенті Дэвид Манзини Қазақстан халықаралық бизнеске барлық мәселелер бойынша күшті инвестициялық ахуал мен мемлекет тарапынан қолдау көрсететінін атап өтті.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің вице-президенті Маттео Патроне өз сөзінде цифрландыру, өңірлік ынтымақтастық және «жасыл» экономикаға өту сияқты негізгі бағыттар бойынша Қазақстанның жетістіктерін атап өтті.
«Қазақстан цифрлық трансформация және экологиялық таза өндіріс саласында өңір көшбасшысы болып саналады. Біз GMP стандарттарына сәйкес келетін Орталық Азиядағы ең ірі тағамдық қоспалар өндіретін кәсіпорынның құрылысына $40 млн инвестиция салу туралы шешім қабылдадық. Біздің зауыт Түркістан қаласында орналасқан TURAN арнайы экономикалық аймағында салынуда. Өндіріс 500 жұмыс орнын ашуға және кейіннен өсе келе $100 млн сомасына жылдық экспортқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Orzax түрік компаниясының басшысы Сельман Алимоглу.
Сондай-ақ Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd., (ҚХР) директорлар кеңесінің вице-төрағасы Юй Юйфей, Stadler CIS компаниясының бас директоры Александр Люфт (Швейцария), Roca Group ТМД президенті, Дэниэл Эрнандес (Испания), CISSE Visa өңірлік директоры Кристина Дорош (АҚШ), KIA Qazaqstan бас директоры Ким де Ки (Корея) сөз сөйледі.
*****
KGIR-2025 алаңында сомасы $7,5 млрд болатын 49 құжатқа қол қойылды, оның ішінде $3,8 млрд-тық 13 коммерциялық келісім Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өтті.
Олардың арасында:
- Ақмола облысы мен Hopefull Grain & Oil Group арасындағы бидайды терең қайта өңдеу кешенін салу туралы стратегиялық негіздемелік келісім; 
- Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін салу үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Kazakhstan Lihua» ЖШС, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасындағы инвестициялар туралы келісімдер; 
- Ақтөбе облысында цемент зауытын салу үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен QazCement Industries арасындағы инвестициялар туралы келісім; 
- «Астана энергиясы» экопаркі» жобасын іске асыру үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «East Hope» ЖШС арасындағы инвестициялар туралы келісім; 
- Шымкент қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды термикалық жолмен жою жобасын жүзеге асыру үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «SHAANXI CONSTRUCTION ENGINEERING KAZAKHSTAN CO., LTD» ЖШС арасындағы инвестициялар туралы келісім; 
- Шымкент қаласында жылыжай кешенін салу және пайдалану үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Fabe-Agro» ЖШС арасындағы инвестициялар туралы келісім; 
- ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Harvest Agro Holding компаниясы арасындағы Қызылорда облысында агроиндустриалды кластер құру жөніндегі жобаны жүзеге асыру туралы негіздемелік келісім; 
- Солтүстік Қазақстан облысында қант зауытын салу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Asyl Sugar компаниясы арасындағы инвестициялар туралы келісім; 
- ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «СП Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС арасындағы Ақтөбе облысында сусындар өндіретін зауыт салу туралы негіздемелік келісім; 
- Алматы облысы әкімдігі, Hopefull Grain & Oil Group және «Қазақстан коммуналдық жүйелер» ЖШС арасындағы индустриялық парктер жобаларын жүзеге асыру үшін әріптестік орнату туралы негіздемелік келісім; 
- Маңғыстау облысы мен «Qazaq LNG Mangistau» ЖШС арасындағы Қарақия ауданында сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт салу туралы негіздемелік келісім; 
- Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) мен «KazFoodProducts» ЖШС арасындағы Қазақстанда SAF (Sustainable Aviation Fuel) орнықты авиациялық отынын өндіру бойынша жобаны жүзеге асыру туралы негіздемелік келісім бар. 
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Премьер-министр үздік инвестор компаниялардың өкілдеріне марапаттар табыс етті, олардың ішінде: Fufeng Group компаниялар тобының негізін қалаушы Ли Сюэчунь, Ресей, Беларусь, Кавказ және Орталық Азия аймағы бойынша PepsiCo компаниясының президенті Давид Манзини, Zijin Mining Group Company Limited директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзиньхэ, Stadler CIS бас атқарушы директоры Александр Люфт, «Kazakhstan Lihua» ЖШС бас директоры Сюй Цзе, «KIA Qazaqstan» ЖШС бас директоры Ким Де Ки, KIS компаниясының негізін қалаушы және иесі – Gateway Ventures бас директоры Даниэль Гунаселан, Power International Holding Kazakhstan бас директоры Амер Махасен, Парсы шығанағы елдері мен Қазақстанға кураторлық ететін Air Liquide тобының вице-президенті Матье Франсе, Oi-Qaragai бас директоры Dmitriy Matyas, «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев, «Химфарм» АҚ бас директоры Адам Алексеюк бар.
KGIR-2025 алаңында Премьер-министр халықаралық инвестор компаниялардың Қазақстанда жүзеге асырып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған жобалары туралы стендтер қойылған көрмеге қатысты.
Швейцариялық Harvest Group SA компаниясы АӨК саласына қазіргі заманғы суару жүйелерін енгізе отырып, жайылымдық және өріс жерлерді суармалы жерлерге ауыстыру жөніндегі жобаны ұсынды. Оны жүзеге асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай елдің аграрлық айналымына 300 мың гектарға жуық суармалы жер еніп, топырақ өнімділігі 4-6 есе артпақ.
Одан бөлек келесідей жобалар – Orzax Alyors компаниясының биологиялық белсенді қоспа (ББҚ) өндіретін зауыты, R-Pharm және Abdibrahim global pharm компанияларының дәрі-дәрмектер өндірісі, Stadler компаниясының жылжымалы теміржол құрамын және тж техникасына жинақтауыштар жасау желісі, Primus Education компаниясының Қазақстанда Британияның Coventry University жоғарғы оқу орынының кампусын ашу жобасы, Success Co., Ltd. компаниясының өнеркәсіптік өндірістерді іске қосу, сондай-ақ RETD компаниясының Алматы агломерациясында жүрдек көлік жүйесін құру жөніндегі бастамалары ұсынылды.
 
		