Қарағанды қаласының Көгілдір тоғандары шағын ауданында қатты жел екпіні балалар алаңындағы көгалды ойнап жүрген екі баламен бірге ұшырып түсірді. Балалар ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға бүгін сағат 14.00 шамасында болды. Қатты жел екпіні ойын алаңындағы жасанды көгалды жұлып әкетті. Дәл сол уақытта оның үстінде балалар ойнап жүрген. Оқиға салдарынан екі бала ауруханаға жеткізілді.
«2015 жылы туған бала профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы клиникаға жеткізілді. Миының ауыр жарақатымен түсті. Маңдай сүйектері, бас сүйегі және білек сүйектері сынғанын анықтадық. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды.
2014 жылы туған баланың миы шайқалып, алдыңғы қабырғасы көгерген, ол облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Бөлімшеге жатқызылды», - деп хабарлады Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Қала әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, аталмыш ойын алаңы әлі пайдалануға берілмеген.
«Бүгін қатты жел екпіні Көгілдір тоғандар шағын ауданындағы жасанды көгал жамылғысын жұлып алды. Екі бала зардап шекті, қазір олар ауруханада жатыр, тексеру жүргізілуде және барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Бұл жасанды көгалды мердігер ұйым өткен аптада төсей бастаған еді. Ол периметрі бойынша ғана бекітілген, бірақ пайдалануға берілмеген, себебі ойын элементтерін орнату керек болатын. Ата-аналардан осындай ауа райында балаларды қараусыз қалдырмауыңызды сұраймын!
Аудандардың екі әкіміне барлық балалар алаңдары мен көгалдардың бекітілуін тексеруді тапсырдым.
Сонымен қатар, дауылдан бірнеше ағаш құлады. Коммуналдық қызметтер оларды жедел түрде жинайды.
Бұтақтар мен құлаған ағаштарды жою бойынша аудан әкімдіктерінің диспетчерлік қызметіне хабарласу керек:
Қазыбек Би 78-01-97
Әлихан Бөкейхан 35-59-16», - деп жазды қала басшысы Instagram парақшасында.