Павлодар полициясы жол апаттары бойынша тергеуді бастады. Бір жүргізуші қамауға алынды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
28 мамыр сағат 23.20-да Ленин – Курчатов тас жолында Еңбек ауылының маңында Lexus RX-330 көлігі қарсы келе жатқан Камаз-5410 көлігімен соқтығысқан. Соқтығысқаннан кейін Lexus RX-330 қарсы жолақ арқылы шұңқырға аударылып кеткен.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан Lexus көлігінің 36 жастағы жүргізушісі мен 36 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Көліктер автотұраққа қойылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп айтылды Павлодар облысының полиция департаментінде.
Павлодарда сағат 05.20-да Айманов – Олжабай батыр көшелерінің қиылысында Toyota Camry-70 көлігінің 33 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, жол жиегіне соғылып, аударылып кеткен. Оқиға салдарынан жарақат алған 26 жастағы жолаушы ауруханаға жатқызылды.
Көлік тұраққа қойылды. Сараптама нәтижесінде жүргізуші алкогольдік масаң күйде болған. Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізушіге қатысты бұлтартпау шарасы – қамауға алу таңдалды.
Полицейлер жыл басынан бері облыс жолдарындағы жол-көлік оқиғалары бойынша 82 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Оның ішінде Қазақстан Республикасы ҚК-нің 345-бабымен – 55, ҚК-нің 345-1-бабымен – 3, 346-бабы бойынша 24 дерек тергелген.
Айта кетейік, биыл павлодарлық полиция қызметкерлері көлік жүргізушілердің мас күйінде көлік жүргізген 459 оқиғасының жолын кескен. Барлық тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер жүргізушілерге жол ережесін өрескел бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін тағы да ескертеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес адам, оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін, қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептеледі.