Елордада 85 жастағы қарияны тонап кеткен азаматтар құрықталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға елордада кешкі уақытта болған. Қарт адам газ аппаратурасы ауданындағы саяжайдан қайтып келе жатқан. Осы кезде оған белгісіз адам келіп, телефонынан қоңырау шалып алуды өтінген. Сеніп қалған қария телефонды бейтаныс адамға берген. Телефонмен сөйлесіп жатқандай кейіп танытып, күдікті одан алыстай бастайды. Кенеттен оған тағы бір адам келіп, саяжайдың құжаттары, кілттер жиынтығы, жол жүру билеті және 27 мың теңге сомасында ақшасы бар әмиян салынған пакетті қолынан жұлып алған. Содан кейін тонаушылардың екеуі екі жаққа қашып кеткен. Абдырап қалған ата өтіп бара жатқан адамдардан полицияға қоңырау шалуды өтінген.
– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері елорданың 26 және 18 жастағы екі тұрғынын анықтады, олардың біреуі бұрын істі болғаны белгілі болды. Олар OLX.kz қосымшасы арқылы сатуға үлгерген телефон және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді, – дейді Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция бастығы Мұрат Әбшекенов.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тонауға қатысы бар адамдар мойындау көрсетпелерін берді. Олардың бірі Астана қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды ескертеді. Полицейлер тонаушылар көбінесе өз құрбандарын жасына байланысты қарсылық көрсете алмайтын азаматтар арасынан таңдайды. Жақындарыңызды, әсіресе қарттарды күтіп алып, шығарып салуды ұсынады.
Құқыққа қайшы әрекеттер болған жағдайда полицияға “102” арнасына немесе мобильді қосымша арқылы дереу хабарлау қажет.