Синоптиктер, ертең, 13 қаңтарда ауа райының бұзылуына байланысты еліміздің бірнеше өңірінде дауылдық ескерту жариялады, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК.
Синоптиктердің болжамынша, ертең Маңғыстау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында оның екпіні 25 м/с-ке дейін жетуі ықтимал. Сол сияқты Ақмола облысының солтүстігінде, шығысында бұрқасын болжанады. Батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғып, оның екпіні 15-20 м/с-ке дейін артады. Сонымен қатар Абай облысының солтүстігінде, орталығында жаяу бұрқасын күтіледі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, облыстың батысында, солтүстігі мен орталығында екпіні 25 м/с-ке дейін жетеді.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде жаяу бұрқасын болжанады. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғып, жылдамдығы 15-20 м/с-ті құрайды. Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Батыстан соғатын желдің күші облыстың солтүстігі мен шығысында 15-20 м/с-ты құрайды деп болжанып отыр.
Павлодар облысында да жаяу бұрқасын соғады. Оңтүстік-батыстан жел соғып, облыстың батысы мен оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетуі ықтимал. Сол сияқты Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің жылдамдығы солтүстік пен шығыста 15-20 м/с-ті құрайды. Жамбыл облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында тұман болады. Желдің күші – 15-20 м/с. Түнде өңірдің басым бөлігінде 30-33 градус қатты аяз күтіледі. Бұдан бөлек, түнде Түркістан облысының басым бөлігінде 25-27 градус қатты аяз болады. Ал, Шымкентте 25 градус қатты аяз күтіледі.
13-01-2023, 09:05
Синоптиктер еліміздің бірнеше өңірінде дауылдық ескерту жариялады
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз