Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 2023 жылы жайылым жерлеріне қатысты мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі, Бас прокуратура бірлесе ауқымды жұмыстарды атқаруы керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған kazlenta.kz
«Депуттар өңірлерді аралап жүр. Сол кезде ел аумағындағы тұрғындардың көтеріп жүреген мәселесі жайылым жерлеріне қатысты болып отыр. Мемлекетке қайтарылған 5 млн гектар жерді интерактивті картадан нақты көрінеді деп ойлаймын. Ауылдардың маңындағы мал жаятын жайылым жерлер мәселесі маңызды болып тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Бас прокуратура мен тиісті мемлекеттік органдар, депутаттар, саяси партиялар бірлесе аталған мәселеге назар аударуы керек. Тек сөз жүзінде емес, нақты жұмыстар атқарылуы қажет. Жаз бойы депутаттар өңірлерді аралап, осы тақырыпқа қатысты талқылаулар жүргізді. Дегенмен, бұл жұмыстардың бәрі жеткіліксіз болып тұр», - деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында
Осы орайда ол 2023 жылы бұл мәселемен министрлікпен, прокуратурамен, сарапшылармен бірге жан-жақты айналысу керек екенін айтты.
«Әлі де ауылдардың көбісі осы проблемадан қиянат көріп отыр. Бұл жылдар бойы қордаланған мәселе болғандықтан, бір жылда шешіліп кетеді деп айтуға келмейді. Атап айтқанда, малдың санын көбейту үшін жағдай жасауымыз керек. Сондықтан ауылдарда тиісті жайылымдарды беру маңызды. Бұл бағытта министрлік жасап жатқан жұмыстар жеткіліксіз деген пікірге қосыламын. Бірақ ведомство атқарған жұмыстарын да көрсете білуі тиіс. Қайтарылған әр гектар жерді ел халқы ашық көруі керек», - деді Мәжіліс төрағасы.
Айта кетейік, биыл мемлекет меншігіне қайтарылған 5 млн гектар жер туралы мәліметтерді алдағы уақытта интеракативті картадан көруге болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.