Басылым мәліметінше, Қайырбек Өскенбаев теміржолшылардың айлығын көтеру мәселесі тарифке тікелей байланысты екенін атап өткен. "ҚТЖ-мен қазір нақты жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені Қазақстан бойынша осы теміржолшылар арасында мәселе туындап отыр. Басшыларының келесі жылы жалақыны өсіретін ойы бар. Бірақ оның сомасы қазіргі тарифке байланысты. Бір жағынан тарифті өзгерту белгіленіп жатыр. Ол тарифті бекітсек, жалақының өсімі соған байланысты болады. Бірақ жалақы келесі жылы міндетті түрде өседі", - деп жауап берді үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында. Сонымен бірге министр теміржолшылардың бұл талабы қаншалықты орынды екенін де түсіндірген.
"Ол туралы айту қиын шығар енді. Біз үкімет тарапынан қазақстандықтар неғұрлым көбірек жалақы алсын деп тілеп отырамыз. Бірақ әрқайсысы шамасына қарай жүк көтереді ғой. Сол себепті тариф төмен болса, табыс болмаса, ҚТЖ-ны да түсінуге болады. Ақша болмаса, оны қайдан алады? Сол себепті жаңа идеология ұсынылып отыр. Олар "бізге жаңа тариф беріңдерші, жаңа идеологиямен жұмыс істейікші, сосын жалақыны да көтереміз" деп отыр", – деді Қайырбек Өскенбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі еліміздегі ЖЭО өндірістегі қызметкерлерінің орташа жалақысын айтқан еді.