Қанатбек Жайсаңбаев Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
«Қанатбек Бақытұлы Жайсаңбаев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылсын», - делінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығында.
Қ.Тоқаевтің тағы бір Жарлығымен Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметіне Ғабидулла Абдуллаұлы Оспанқұлов тағайындалды.
Қанатбек Бақытұлы Жайсанбаев 1980 жылы дүниеге келген. Қызылорда қаласында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер», 2012 жылы Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін «экономист» мамандығымен тәмамдаған.
Еңбек жолы: Қазақ мемлекеттік заң академиясының Қызылорда филиалында (2000-2001), Қызылорда облыстық әкімшілік сотының бас маманы (08.2001-09.2001), Қызылорда облысы әкімі аппаратының маманы, бас инспекторы, мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі (2001-2005), Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы (2005-2007), «Kazakh Integrated Services» ЖШС және «CNRG Capital» ЖШС заңгері (2007-2008), Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары (2008-2010), Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы (2010-2016), Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2016-2021) қызметтерін атқарды.
2021 жылдың сәуірінен Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды.