Көбінде бақшадағы бала тәрбиесімен, қыз-келіншектердің айналысатыны белгілі. Ал біздің елімізде ер азаматтың мұндай кәсіпті таңдап, бүлдіршіндердің тәрбиесімен айналысуы, сирек кездесетін жағдай. Құралбек Исабектің Кентау қаласындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп жүргеніне биыл 6-жыл. Ол мұнда 2016 жылы жастар тәжірибесімен келген. Содан бері бүлдіршіндермен жұмыс істеп, балалардың жан-жақты дамуына өз үлесін қосып келеді. Алғашында ер адамның бақшада тәрбиеші болып жүргенін көрген ата-аналар оның жұмысына күмәнмен қарағандарын айтады.
"Алғашында ер кісі тәрбиеші дегенде мен таңғалдым. Үнемі тәрбиешілік қызметте бізде әйел кісілер болады. Сосын кішкене шошып қалдым. Бірақ ұлым бір жыл осы Құрал Кенжеханұлында болғанда өте жақсы көрсеткіш көрсетті. Тақпақтарын үнемі жаттап алады. Балалармен жұмысты өте жақсы жүргізеді. Ата-анамен қарым-қатынасы да жақсы. Мен Құралға ризамын", - дейді ата-ананың бірі Гүлзат Сейітжанқызы.
Құралбектің негізі мамандығы бастауыш сынып мұғалімі. Бірақ ол мұғалімдікті емес, тәрбешілікті таңдаған. Себебі елге қызмет ететін мықты азаматты қалыптастыру үшін балабақшадан бастап жан-жақты тәрбие берілу керек дейді ол.
"Ата-анамның тарапынан маған әрдайым қолдау болып отырады. Ата-анам жан дүниемді түсінеді. Әрине, құрдастарыма қызық. "Не себепті таңдадың? Неге мұғалім болмадың? Мектепке кірмедің бе?" деген түрлі сұрақтар болады. Жұмысқа келгеннен кейін бәрін ұмытып кетеміз. Осы балалардың өзіңе деген махаббатын, ата-аналардың құрмет, қошеметін көргеннен кейін сырттың сөзіне көп алаңдамаймыз", - дейді Құралбек.
Құралбек тек бүлдіршіндермен ғана емес ұжымдағы әріптестерімен де тез тіл табысып кеткен. Әріптестері Құралбекті жақсы маман ғана емес, мықты ұйымдастырушы екенін айтады.
Айта кетейік, Құралбек Исабек тек Кентау қаласында ғана емес, жалпы Түркістан облысы бойынша балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер азамат.