Әншінің айтуынша, үлкен ұлы Алдияр музыкаға жақын.
"Менің мақтанышым – балаларым. Тұңғышым Алдияр өмірге деген көзқарасымен мені үнемі таң қалдырады. Осындай жап-жас кезінде оның өз философиясы, дүниетанымы, өмірге деген қарым-қатынасы қалыптасып қалған. Тіпті, екеуміз әңгімелескен кезде оның менен ақылы асып жатқаны көрінеді. Өйткені оның жасында мен шектен шығып жүрдім. Оны мойындаймын. Ата-анам үнемі алаңдап отыратын. Оларды менің тәртібіме қатысты жиі мектепке шақырғанда, бұл ешкімге ұнамайтын еді. Айтпақшы, Алдияр музыкаға жақын. Оған пианинода ойнаған ұнайды. Бірақ болашақта халықаралық қатынастар бағытын таңдағысы келеді. Ал мен таңдауына тек қуанамын".
Әншінің айтуынша, оның кенже ұлы өзіне ұқсаған. "Кенжем Демирель – көзқуанышым, менің кішкентай көшірмем. Мен оны көрген кезде бірден өзімді елестетемін. Ол дүниеге келгелі біздің жанұямыздың шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейді. Сол себепті ол біздің махаббатымыздың шамшырағы. Қазірдің өзінде оның белсенділігі және тұла бойы шығармашылыққа тұнып тұрғаны көрінеді. Болашақта қандай кәсіпті таңдайтынын әзірге білмейміз. Бірақ спорттан бастайтыны анық. Ең алдымен жүзуді көрсін, содан соң белгілі болар", - деді Оразбаков. Сондай-ақ өнер иесінің айтуынша, ол балаларына өзі алған тәрбиені беремін деп ойлаған. Алайда қазіргі уақытта ойы өзгерген. "Балаларыма дәл өзім алған тәрбиені беремін деп ойлайтынмын. Бірақ уақыт зымырап, заман тез өзгереді.
Жаңаша жағдайларға икемделуге тура келеді және әр баланың ерекше болмысына мән беру керек екен", - деп жазбасын аяқтады әнші. Айта кетейік, желі қолданушылары өз кезегінде әншінің отбасына бақыт тілеп, оның үлгілі әке екенін жазған. "Бала естіп емес, көріп өседі. Сіз дәл осы сәтте тәрбие беріп жатырсыз", "Үлкен ұлыңыз ініңіз секілді", "Өзіңіз үлгілі әкесіз", "Тамаша адамсыз" деп жазды желідегілер.