Еліміздегі үшінші мегаполис Шымкент қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты мəселе туындауда. Уақытылы тазаланбай тұрған қоқыс жəшіктері мен тұрғын -үй аулаларындағы сұрықсыз көрініс жергілікті билік өкілдерін алаңдатып отыр. Неге дерсіз? Бүгінде Шымкент қаласының аумағында 2 294 көп қабатты үй мен 4 268 көше бар. Қолданыстағы заңнамаға сəйкес шымқаланың тазалығы екіге бөліп қарастырылған.
Оның бірінші бөлігі – алаңдардың, көшелердің, аяқ жолдардың, аялдамалардың, саябақтардың, жалпы, барлық қоғамдық орындардың тазалығы. Бұл орындарға қалалық əкімдік тікелей жауапты. Тазалықтың екінші бөлігі – тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты. ҚР Экология кодексінде арнайы қаралған заң бойынша тазалықтың бұл бөлігіне тұрғындардың өздері жауапты. Сол себепті тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтардың қаланың сыртындағы полигондарға тасымалдануы үшін коммуналдық қызмет көрсететін жекеменшік компанияларға ақы төлейді.
Бар мəселе осы заң талабының сақталмауынан туындап отыр. Себебі, қазіргі уақытта тұрғындардың кейбірі қоқыстың уақтылы тазаланбағаны үшін қызмет ақысын төлеуден бас тартқан. Тараптардың арасындағы осы келіспеушіліктің салдарынан қалада уақтылы шығарылмаған қоқыстар көбейе бастады. Ал бұл жағдайға алаңдаушылық білдірген көптеген тұрғындар жергілікті әкімдікке шағымданып, базынасын білдіріп жатыр. Алайда, бұл – жеке тұлға мен мердігер компанияның арасындағы мәселе болғандықтан қала əкімдігі қауқарсыз. Келісімшарт жеке тұрғын мен мердігер компания арасында жасалғандықтан, үшінші тарап, яғни, жергілікті билік бұл мәселеге араласып, шара қолданып сəйкесінше сотқа шағымдана алмайды.
Сондықтан, тұрғындар қоқыстың уақтылы тазалануын әкімдіктен емес, өздері келісімшартқа тұрған компаниядан талап етуі тиіс. Тіпті, өз міндетін орындамаған компанияны тұрғындардың өздері сотқа беріп, оған айыппұл салдыра алады. Сонымен қатар тұрғындар біріге отырып компаниямен арадағы келісімшартты бір жақты тәртіппен бұзып, басқа компаниямен келісімшарт жасауына да мүмкіндіктері бар.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласында бұл қызметтің арнайы бекітілген тарифі бар.
Көпқабатты тұрғын үйлерде жан басына – 170 теңге, ал, жеке секторда жан басына – 200 теңге. Яғни, бұл жерде тұрғындар – қызметке тапсырыс беруші, ал, тұрмыстық қатты қалдықтарды тазалап, әкетіп жүрген жеке компания – қызмет көрсетуші мердігер ретінде есептеледі.
Қаланың тазалығын əрбір тұрғын өзінен бастаса, көптеген түйіткіл шешімін табатыны анық. Ортақ іске оң көзқарас танытайық!