Телеарна мәліметінше, көлік жүргізушілерінің бірі бір күнде кем дегенде 20 жанармай құю бекетін аралап, дизел отынын таба алмаған. "Мен 10-ға жуық жанармай құю бекетін аралап шықтым, бірақ дизель таппадым. Олардың сөзінше, дизель жоқ, тек талон арқылы бере алады. Ең көп дегенде 20 литр сатады. Одан артық бермейді", - дейді тағы бір алматылық жүргізуші. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, қалада дизель отынының тапшылығы өткен аптада басталған.
Ол кезде бір қолға 40 литрге дейін сатқан. Қазір оның көлемін екі есеге дейін азайтқан. Жанармай құю бекеті қызметкерлерінің пікірінше, мұнай базаларында отын жоқ, ал қазір сатылымдағылары - қалдығы. Олар алдымен талон бойынша тұтынушыларға қызмет көрсетеді, содан кейін ғана басқаларға сатуда. Бұл жағдайға қатысты телеарнаға қала әкімдігі пікір білдірген. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, қаланы қажетті мөлшерде дизель отынымен қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр. Әкімдік мұнай базалары мен жанармай құю бекеттеріндегі қорларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп жатқанына, Қазақстанның үш мұнай өңдеу зауытынан дизель отынын үздіксіз жеткізу ету жолға қойылғанына сендірді.
"Айта кететін жайт, қалада тұтыну көлемінің өсуі басқа өңірлерден келетін ауыр транзиттік көлік иелерінің дизель отынына деген сұранысының артуына байланысты. Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, ірі жанармай құю бекеттері желілеріне үш қазақстандық мұнай өңдеу зауытынан (Павлодар, Атырау, Шымкент) дизель отынын үздіксіз жеткізуге көмектесуде", - деп хабарлады Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасынан.