Алматыда екі ер адамнан гашиштің ірі партиясы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының екі тұрғыны ұсталды.
– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында біздің бөлімшенің арнайы тобының қызметкерлері Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының әріптестерінің көмегімен қала базарларының бірінің аумағында 38 жастағы жұмыссыз азаматты ұстады. Оны жеке тінту кезінде өзіне тән иісі бар зат салынған үш полиэтилен байламы тәркіленді. Бір мезгілде Жетісу ауданында екінші айыпталушы ұсталды. 40 жастағы ер адамнан шөп салынған төрт бірдей пакет тәркіленді. Оның шынайы тиесілігін сараптама анықтайды. Алдын ала болжам бойынша, бұл – гашиш, — деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Қазір тергеушілер ұсталғандардың арасындағы байланысты тексеріп, есірткіні жеткізу арнасын анықтап жатыр.
Екі дерек те ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, бір өндіріске біріктірілді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.