Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай бейнебайланыс режимінде «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Іс-шараға Қазақстан Президентінен бөлек, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Қазақстан Президенті сөйлеген сөзінде Қытай басшысының осындай маңызды әрі дер кезінде қолға алынған іс-шараны өткізу туралы бастамасына ризашылығын білдірді.
– Біз бірнеше ғасырдан бері тарихи қарым-қатынас орнатып келеміз. Тату көрші болғанымызды және өзара тиімді ынтымақтастықтың осындай табысты тәжірибесін шын жүректен бағалаймыз. Құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сіздің беделді және тиімді басқаруыңызбен Қытай Халық Республикасы өзінің дамуында таңғаларлық жетістіктерге жетті. Қытай қазір өрлеудің барлық негізгі көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар тобына кіруге лайық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының зор қарқындылығымен, жоғары сенімге және шынайы тату көршілікке негізделуімен ерекшеленетінін атап өтті.
– Бүгінде екіжақты сауда жаңа рекордтық деңгейге жетіп отыр. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 17 миллиард долларға дейін жеткен. Қытайдың Орталық Азия елдеріне құйған 40 миллиард доллар инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі. Сондықтан біздің еліміздің Қытайға аймақтағы ең ірі сауда-инвестициялық серіктес атануы заңды, – деді Президент.
Президент шетелдік инвесторларды, оның ішінде қытайлық серіктестерін одан әрі жан-жақты қолдауға мүдделі екенін жеткізді.
– Қазіргі кезде Қазақстан Үкіметі инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа инвестициялық саясат әзірлеуде. Мұндай саясат – Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының ажырамас бөлігі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы өзара ықпалдастықтың және инфрақұрылымдық, оның ішінде «Бір белдеу – бір жол» мегажобасы аясындағы жобаларды іске асырудың стратегиялық сипатын атап өтті. Президенттің айтуынша, өткен 30 жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері тату көршілікке және бір-біріне тұрақты қолдау көрсетуге негізделген шынайы ынтымақтастық орната алды.
Мемлекет басшысы Қытайдың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде еуразиялық кеңістікте бейбітшілікті, қауіпсіздік пен ілгерілеу ісін нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Бұл, әсіресе, терроризм, экстремизм және трансұлттық қылмысқа қарсы күреске байланысты. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айының басында елімізге лаңкестердің асқан қатыгездікпен шабуыл жасағаны туралы айтты.
– Мемлекет, ұлт ретінде бұл қайғылы оқиғадан сабақ алдық және тез арада қалпымызға келетініміз сөзсіз. Қазіргі кезде мемлекеттік басқару ісін, ұлттық қауіпсіздік жүйесін және экономикалық саясатты қайта форматтау және реформалау бағытында барынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша жаңа Қазақстан құру ісіне кірісіп кеттік, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Орталық Азияның зор әлеуетін ашуға бағытталған жаңа шешімдер мен тетіктерді іздеу мәселесіне ерекше мән берді. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары өңіраралық ынтымақтастық жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілді және мемлекеттердің қарқынды және сенімді диалогы, оның ішінде тұрақты консультативті кездесулер форматындағы шаралар негізгі рөл атқарады.
Сонымен қатар бірлескен кәсіпорындар санының артқаны, өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да секторлардағы маңызды жобалардың іске асырылып жатқаны айтылды. Сауда кедергілері біртіндеп жойылуда. Заманауи өткізу бекеттері ашылып, қосымша әуе және теміржол бағыттары іске қосылып жатыр.
– Біз шекарадағы кедендік тәртіпті ретке келтіру үшін заңсыз әрекет етіп, бизнеске түрлі кедергі жасаған теріс пиғылды кәсіпкерлермен күрес жүргізе бастадық. Заңға қайшы мұндай әрекеттермен күрестің нәтижесін жақын арада көретінімізге сенімдімін. Қазақстанға келетін импорттарға және үшінші елдерге жасалатын транзитке зиян келмейді. Үкіметке және құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар бердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті «Орталық Азия – Қытай» өзара іс-қимыл форматының үлкен мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігіне баса мән берді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ортақ мүдделерді ескере отырып, мынадай міндеттерді шешуді назарға алу қажеттігін атап өтті.
Ең алдымен, Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін барынша күш салу керек екенін айтты. Оның пікірінше, бұл сауда айналымы құрылымын әртараптандыруды, кедергілерді жоюды, кеден ісін ретке келтіруді және инновациялық шешімдер енгізуді көздейді.
– Қазақстан Қытайға экспортталатын тауар түрлерін 135-ке жеткізуге әзір, оның ішінде ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің ақшалай көлемі бір миллиард доллардан асады. Осыған байланысты сауда және көлік бойынша өзара бірлескен тәсілдерді әзірлеу үшін министрліктер деңгейінде «Орталық Азия – Қытай» консультациялар механизмін іске қосуды ұсынамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу – бір жол» жобасын одан әрі ілгерілетуді, оның ішінде жоғары қосымша құн салығы бар ірі жобаларды іске асыру арқылы бірлескен жұмыстарды жандандыруды екінші міндет ретінде атады.
– Ең алдымен, бұл цифрландыру, жасыл технологиялар және инновациялар салаларына қатысты. Себебі Қытайдың бұл салалардағы табысы айқын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы көлік-транзит бағыттарын әртараптандыруды және интеграцияланған логистикалық шешімдерді, соның ішінде жаңа құрлықтық дәліздерді іске қосу арқылы енгізу мәселесін келесі басым міндет ретінде белгілеп берді. Оның айтуынша, Қазақстан осы мақсатқа 2025 жылға дейін 20 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұның Қытайдан келетін транзит ағынын кеңейтуге және аймақтағы елдердің артып келе жатқан сұраныстарын қанағаттандыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орнықты дамудың жаңа моделін енгізудің, атап айтқанда 2060 жылға қарай экономиканы декарбонизациялаудың және көміртегінен бейтараптыққа қол жеткізудің өзектілігін атап өтіп, осы саладағы тығыз ықпалдастықты жолға қоюды және озық тәжірибелерді алмасуды ұсынды.
Президент аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне арнайы тоқталды. Осы ретте Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің айтарлықтай мүмкіндігіне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, АӨСШК-ті трансформациялау ісі қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі ұжымдық күш-жігерді сапалы әрі жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі саммит барысында айтылған бастамаларды жүзеге асыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саяси ведомстволардың басшыларына тиісті іс-қимылдар жоспарын қабылдауды және оның сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тапсырма беруді ұсынды.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді және бүкіл қытай халқын ай күнтізбесі бойынша келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, Бейжіңде өтетін алдағы XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының табысты болуына тілектестік білдірді.
– Олимпиаданың «Ортақ болашақ үшін бірге!» атты ұраны Орталық Азия мемлекеттері мен Қытайдың орнықты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау ісіне темірқазықтай жол сілтесін, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін тыңдаған Си Цзиньпин Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және қауіпсіздігін қорғау жөніндегі күш-жігеріне Қытай тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
– Сіздің сенімді басшылығыңызбен барлық келеңсіздіктің еңсерілетініне, ал Қазақстанның қуаты артып, орнықтылығы күшейе түсетініне сенімдімін, – деді ҚХР Төрағасы.
Саммит қорытындысы бойынша дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Бірлескен мәлімдеме қабылданды.