Алматы облысында жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен жаяу жүргіншіні қаққан 58 жастағы әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 желтоқсанда сағат 20.30 шамасында Mitsubishi автокөлігін тізгіндеген жүргізуші Тұздыбастау-Белбұлақ автожолымен шығыс бағытта қозғалып келе жатып, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған 74 жастағы жүргіншіні қағып кеткен. ЖКО салдарынан егде жастағы адам оқиға орнында есін жимастан көз жұмды.
Сараптама 58 жастағы әйелдің масаң күйде екенін көрсетті. Оның айтуынша, ол ішімдік ішпеген, тек ауырып жүргендіктен халық медицинасына сүйеніп, алоэ мен спирттен жасалынған тұнбаны пайдаланған.
Азаматша өкінішін білдіріп, тұнбаның мұндай жағдайға әкеліп соғатынын білмегенін айтты. Алайда бұл әйелді жауапкершіліктен босатпайды.
Қазіргі таңда іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, автокөлік сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Сараптамалық қорытындылар алынғаннан кейін бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілетін болады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.