ҚАЖ комитеті Медициналық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкері Гүлжан Мұсабаева пенитенциарлық жүйенің тарихында алғаш рет орын алған бүйрек жетіспеушілігінен трансплантация жасалғаны туралы айтып берді, – деп хабарлайды polisia.kz.
Әділет майоры қылмыстық-атқару жүйесі органдарындағы қызметін 2014 жылдан бері атқарып келеді. Ол қызмет барысында сотталғандардың да, олардың туыстарының да көптеген өтініштерін қарағанын айтады. Олардың әрқайсысы жеке-дара қарауды қажет етеді, оның арасында пенитенциарлық жүйеге тән емес жағдайлар да кездесіп отырады.
2018 жылдың сәуір айында Комитетке жазасын өтеп жатқандардың бірінің жұбайынан өтініш келіп түсті. Ол өз хатында шұғыл түрде бүйрек трансплантациясын қажет ететін төрт жасар ұлына донорлық көмек көрсетуді сұрады.
– Ішкі органдарды трансплантациялау, яғни бұл жағдайда бүйрек трансплантациясы науқас адамның ағзасымен үйлесетін дені сау донордың болуын білдіреді. Көбінесе биологиялық ата-аналардың өздері донор болып табылады, өйткені ересек адам үшін де, бала үшін де тіршілік әрекетін қолдау үшін кем дегенде бір бүйректің болуы жеткілікті, – дейді Гүлжан Мұсабаева.
Ол уақытта баланың туған әкесі Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты орташа қауіпсіз мекемеде жазасын өтеп жатты.
– Баланың ауыр хәлін ескере отырып, біз дереу сотталғанды тиісті сараптамалардан өткізуге кірістік. Бұл жұмысқа бізге Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы көмектесті, онда мамандардың бақылауымен жас пациент бізді күтті, – деп қосты майор.
Сотталғанды елордаға жеткізу жазасын өтеп жатқан мекеменің және ҚАЖ комитеті қызметкерлерінің көмегімен жүзеге асырылды. Делегация құрамына Гүлжан Мұсабаева да кірді, ол айдауылдауды басқарды, Ана мен бала ҰҒО дәрігерлерімен және баланың анасымен байланыста болды.
Бір бүйрегін баласына берген азамат бас бостандығынан айыру орындарынан өткен жылы босатылды.