Елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Республика күні қарсаңында «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының гала-концерті өтті. Іс-шараға Қазақстанның 20 өңірінде өткен іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары, білім беру ұйымдары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ белсенді жастар қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан жобаның мақсаты – мемлекеттік тілді дәріптеу, ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды сақтау және өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашу. Жоба осы жылдар ішінде түрлі этнос өкілдері арасындағы мыңдаған бала мен жастың басын қосып, елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға ықпал етті.
«Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Елдос Жұмағұловтың айтуынша, жоба он жылдан астам уақыт бойы жастар мен оқушылар арасында танымал болып келеді.
«Жобаның басты мақсаты – қазақ тілі мен мәдениетін дәріптеу. Оған жыл сайын түрлі этнос өкілдері, балалар, оқушылар мен студенттер қатысады. Олар мемлекеттік тілде өнер көрсетіп, ән айтып, домбыра шертеді. Мұның бәрі этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға ықпал етеді», – деді Елдос Жұмағұлов.
2026 жылы жоба аясында еліміздің барлық өңірінде 114 іс-шара өтіп, оған 1 653 оқушы қатысты. Қорытынды гала-концертке өңірлік іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары шақырылып, олар тіл, мәдениет және өнер саласындағы қабілеттері мен жетістіктерін көрсетті.
Биыл жоба бағдарламасына бірнеше қосымша номинация енгізілді. Солардың бірі Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамытуға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдауға арналды.Елдос Жұмағұловтың айтуынша, жобаға қатысу еліміздің әр өңірінен келген жастарға өз қабілеттерін танытып, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетуге мүмкіндік береді. Биылғы қатысушылардың географиясы елдің барлық өңірін қамтыды.
Гала-концерт өңірлерде атқарылған жұмыстың қорытындысына айналып, жеңімпаздарды марапаттау алаңы болды. Іс-шара барысында қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Жобаны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.
«Мың бала» жобасы жастарды ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде біріктіріп, ұлттық мұраны сақтауға, мемлекеттік тілді дамытуға және Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған жұмысын жалғастырып келеді.