Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мысыр Араб Республикасына ресми сапары аясында әлемдегі ең ірі исламдық ғылыми-ағартушылық орталық – «Әл-Азһардың» Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен кездесті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөздер барысында сұхбаттасушылар дәстүрлі рухани құндылықтарды қорғау, конфессияаралық диалогты ілгерілету және діни білім беру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Мысырды ғасырлар қойнауынан бастау алатын терең тарихи, мәдени және рухани бауырластық байланыстар біріктіреді.
Екі мемлекет арасындағы табысты әріптестіктің жарқын көрінісі ретінде Каирдегі тарихи Сұлтан Бейбарыс мешітінің ауқымды реставрациядан кейін салтанатты түрде қайта ашылуы және Қазақстандағы «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті университетінің жемісті қызметі ерекше атап өтілді.
Кездесу соңында ҚР Сыртқы істер министрі шейх Ахмед ат-Тайебке Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы үшін алғыс білдіріп, Жоғарғы имамды Астанаға жұмыс сапарымен келуге шақырды. Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің бауырлас халықтарының игілігі мен өркендеуі жолында рухани және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты сапалық жаңа деңгейге көтеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.