Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар жұбайы Кардона ханыммен бірге Астанаға алғаш рет ресми сапармен келді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Әуежайда жоғары мәртебелі қонақты Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев қарсы алды. Бұл сапар Хуан Карлос Саласардың Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы сапары болды.
Сапар аясында ИКАО басшысы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен 20–22 қазанда Астанада өтетін ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығына (ICAO Security Week 2026) қатысады.
Қазақстан алғаш рет авиациялық билік органдарының басшыларын, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, ёуе компаниялар мен әуежайлардың өкілдерін, сондай-ақ саладағы жетекші сарапшыларды біріктіретін осындай ауқымды халықаралық іс-шараны қабылдап отыр.
ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығының Қазақстанда өткізілуі және ұйымның Бас хатшысының ресми сапары халықаралық авиация қоғамдастығының елімізге деген жоғары сенімін, Қазақстанның авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерінің мойындалуын және әлемдік авиациядағы ұстанымының нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Іс-шара қорытындылары жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге қосымша серпін береді деп күтілуде.
Анықтама үшін:
ИКАО – Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. Ұйымға 193 мемлекет мүше. ИКАО азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттар мен ұсынылатын тәжірибені әзірлейді.
Қазақстан ИКАО-ға 1992 жылдан бері мүше. 2024 жылы Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып Монреаль қаласында ИКАО жанындағы Тұрақты өкілдігін ашты.
Хуан Карлос Саласар 2021 жылғы тамыздан бастап ИКАО Бас хатшысы қызметін атқарып келеді. 2024 жылы ол екінші мерзімге қайта тағайындалды.