ICAO Global Implementation Support Symposium (GISS 2026) симпозиумы аясында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума мен ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның кездесуі өтті. Іс-шараға ИКАО-ның EUR/NAT бюросының өңірлік директоры Николас Ралло және Қазақстан Республикасының ИКАО-дағы Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
ААК төрағасы Тошиюки Онуманы ИКАО Кеңесінің Президенті лауазымына сайлануымен құттықтап, оның елеулі кәсіби тәжірибесі халықаралық азаматтық авиацияның одан әрі серпінді дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
«Мен сіздің еліңіздің белсенді ұстанымын және ИКАО қызметіне қосып жатқан үлесін әрдайым жоғары бағалаймын. Сіздердің ұйым принциптеріне адалдықтарыңыз бен атсалысуларыңызды тек мен ғана емес, барлығы анық көріп отыр. Мен үшін ұйымның мүше мемлекеттерге нақты қандай қолдау көрсете алатынын және олардың қажеттіліктерін түсіну өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл өте жағымды сигнал және ол сіздердің тараптарыңыздан байқалады», – деді Т. Онума.
Өз кезегінде Николас Ралло Қазақстанның бірегейлігін атап өтіп, еліміздің авиация саласындағы соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталды:
Салтанат Томпиева саланың даму көрсеткіштері туралы баяндады:
Қазақстанның Чикаго конвенциясының 50 (а) және 56-баптарына енгізілген түзетулерді ратификациялауы маңызды қадам болды. Заңға қол қою Қазақстанды ИКАО Ассамблеясының алдағы Төтенше сессиясы барысында ИКАО Кеңесіне ұсынуға мүмкіндік береді. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы туралы конвенцияға түзетулерді ратификациялау ИКАО Кеңесі мен ИКАО Аэронавигациялық комиссиясының құрамын кеңейту туралы шешімдердің күшіне енуін қамтамасыз етеді.
Қазақстан – теңізге шыға алмайтын, жалпы халқы 500 миллионнан асатын 32 дамушы елдің (LLDC) ішіндегі ең ірісі. Қазіргі уақытта ИКАО Кеңесінде осы санаттағы елдердің ішінен тек Мали мен Уганда ғана мүшелік мәртебеге ие.
Салтанат Томпиева, сондай-ақ ИКАО Кеңесінің Президентіне көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі тәуелсіз органның құрылғаны, Астанада заманауи авиациялық оқу орталығын ашу жоспарлары және авиациялық инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасының іске асыру жоспарлары туралы хабардар етті.
Кездесу соңында ААК төрағасы ИКАО Кеңесінің Президентін Қазақстанға келуге және авиациялық қауіпсіздік саласындағы маңызды халықаралық іс-шаралардың бірі – осы жылдың қазан айының 20-22 аралығында Қазақстанда өткізу жоспарланған 2026 жылғы ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік апталығы жаһандық симпозиумына (ICAO Security Week) қатысуға шақырды.
Бұл іс-шара еліміздің тарихында ИКАО аясында өтетін алғашқы ауқымды халықаралық оқиға және өңірдегі авиациялық қауіпсіздік бойынша ең ірі форумдардың бірі болатыны атап өтілді.
ICAO GISS 2026 симпозиумына қатысу аясында Салтанат Томпиева ИКАО-ның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен, ИКАО-ның EUR/NAT бюросының өңірлік директоры Николас Ралломен, Марокко Корольдігі азаматтық авиациясының Бас директоры Тарик Талибимен, сондай-ақ Канада, Франция, Дания, Сингапур, Индонезия, Үндістан, Экваторлық Гвинея, Гвинея-Бисау, Ангола, Нигерия министрліктері мен авиациялық билік орындарының басшыларымен кездесті. Сонымен қатар, Араб азаматтық авиация ұйымы (ACAO), Африка азаматтық авиация комиссиясы (AFCAC) және Латын Америкасы азаматтық авиация комиссиясының (LACAC) басшылығымен келіссөздер жүргізді.
Кездесулер қорытындысы бойынша Халықаралық азаматтық авиация ұйымы шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, озық тәжірибелермен алмасуға және бірлескен бастамаларды дамытуға өзара мүдделілік расталды.