Петропавлда электрлі мотоциклді мас күйінде басқарған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Петропавл қаласындағы И.Залманов көшесінде рейд барысында патрульдік полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ Kugoo Wish электр мотоциклін тізгіндеген жас жігітке назар аударды. Полицейлер оны тоқтатқан кезде жүргізушіден алкоголь иісі сезілген. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растады.
Құқық бұзушы 20 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, көлікті жақында сатып алған, бірақ әлі тіркеуге қойып үлгермеген. Соған қарамастан, оны "сынап көргісі" келген. Сот жас жігітке 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады. Полицейлер мас күйінде көлік жүргізу ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.