Астана әкімдігінде шаһар басшысы Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен отырыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, кеңес барысында қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелер талқыланды.
Үлестік құрылысқа қатысушылардың мәселелері бойынша қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун айтып берді.
«Өткен аптада біз «Азбука жилья» нысандарына қатысты жағдай бойынша толық мәлімет берген болатынбыз. Алдағы екі аптада біз «Айсанам де люкс» және «Садовые кварталы» тұрғын үй кешендері бойынша сараптама қорытындысын аламыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, осы нысандарға қатысты қаржылық модельді бекіту және конкурсты жариялау материалдары дайындалуда. Проблемалы «Комсомольский» нысанына қатысты сараптаманың қорытындысын алу ақпан айының ортасына жоспарланған. Алдағы аптада «ИСК АСИ Котлярова С. В» компаниясының нысандарына қатысты жұмыстар жүргізілетін болады. Басқа нысандар бойынша жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатыр», - деді С. Хорошун.
Денсаулық сақтау саласындағы, сондай-ақ елордада ұйымдастырылған мұз қалашықтары мен мұз айдындарындағы қазіргі жағдай туралы елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев баяндап берді.
«Медициналық ұйымдар Бірыңғай дистрибьютормен 2019 жылға дәрілік заттарды жеткізуге оферта шарттар жасады, препараттарды жеткізу басталып кетті. Жыл басында пациенттер дәрілік заттарсыз қалмауы үшін 2018 жылдың желтоқсанында барлық пациенттерге 3 айға жететін препараттар берілді», - деді Е. Аманшаев.
Оның айтуына қарағанда, 26 қаңтардағы жағдайға сәйкес денсаулық сақтау мәселелері бойынша резонанстық жағдайлар болған жоқ. Есепті аптада IKomek «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына» 101 шағым түскен.
«Барлық түскен шағымдар қаралуда, олардың әрқайсысы бойынша шаралар қабылданады. Келіп түскен шағымдардың басым бөлігі бірден шешіледі», - деді Аманшаев.
Қала бюджетінің орындалуы барысы, қабылданған объектілерді қаланың коммуналдық меншігіне алу, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жоспарының орындалуы туралы қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлім етті.
Қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың сөзінше, Астанада азық-түліктің негізгі түрлерінің бағасы тұрақты.
Қаладағы криминогенді жағдай және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қолға алынған шаралар бойынша есепті полиция департаментінің бастығы Марат Қожаев берді. Оның мәліметінше, қаладағы жағдай тұрақты. Өткен аптада 479 қылмыс тіркелген,. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 41 қылмысқа аз. Ауыр дене жарақат алу мен автокөлікті ұрлау оқиғалары тіркелген жоқ, бұзақылық көрсету оқиғаларының өсіміне жол берілмей, тонау саны азайып отыр.
«Сергек» кешені арқылы бір апта ішінде 8 628 (56,6 млн. теңгеге ) құқықбұзушылық тіркеліп, өңделді. Видеобақылау камераларының көмегімен 12 қылмыс, 805 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 62 қылмыс «ізі суымай» ашылды. Түсті металдар қабылданатын орындарды тексеру жұмыстары жалғасуда. 51 пункт тексеріліп, (Байқоңыр-17, Сары арқа-18, Есіл-16), металл жинаумен және металл қабылдаумен айналысатын 25 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Люктерді ұрлау оқиғалары тіркелген жоқ.
Қаланы алдағы газдандыру барысы туралы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Е. Төлеуов баяндады. І кезектің жүзеге асырылу мерзімі 2019 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта қаржыландыру бөлінуінің шамасына байланысты жоспарланып отыр.
2025 жылға дейінгі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын іске асыру барысы туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысы Қамалжан Надыров айтты. Жоспарда 9 ауруханалық ұйымды біріктіру жолымен төрт көпбейінді қалалық аурухана және медициналық психологиялық денсаулық орталығын құру қарастырылған. Бұдан бөлек, емханалардың 20 минуттық аралықта орналасуын және жалпы қарайтын дәрігерге түсетін жүктемені азайту мақсатында емханалар желісін құру тұжырымдамасы әзірілген. Онда қымбат емханалардың орнына шағын дәрігерлік амбулаторияларды ашу қарастырылған. Бұл жоба «Қолжетімді дәрігер» атауына ие болды.
«Осыған байланысты, аталған жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Бірыңғай перспективалық жоспарда көзделіп жоспарланған 11 емхана құрылысының орнына 51 дәрігерлік амбулатория ашу бойынша өзгерістер ұсынамын», - деп атап өтті Надыров.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында барлық медициналық ұйымдар интернет желісіне 100% қосылған. Барлық мектептерде кең жолақты интернет бар. Балабақшаға кезекке қою және оларға жолдама беру, 1-сыныпқа қабылдау, колледждерге қабылдау автоматтандырылды.