Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Digital Qazaqstan стратегиясы шеңберінде цифрлық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің сөзінше басты міндет – жүктерді тиімді тасымалдау, жолдарды сақтау және азаматтар мен бизнеске қызмет көрсету уақытын қысқарту. Ол «7-ші бағыт» бойынша негізгі индикаторлар белгіленгенін атап өтті.
«Өткізу пункттерінен жүк көлігінің өту уақыты 30 минуттан аспауы керек. Цифрлық паспорты бар және жүктерді маршрут бойы бақылау көлемі артады. Бұл көрсеткіш биыл – 20%-ды, 2027 жылы – 60 %-ды, 2028 жылы – 80%-ды құрайды. Жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Бағдарлама ішінде екі жоба бақылауда тұр, ол Smart Cargo және е-KOLIK. Smart Cargo платформасы 58 дереккөзді біріктіреді. Ол, халықаралық жүктер жолға шыққан сәттен бастап жеткенше қадағалайды», — деді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде тасымалдың цифрлық паспорты іске қосылғанын айтты. Қағаз талонның орнына бірыңғай QR-код қолданылады. Бүгінгі күні 11 мыңнан астам паспорт рәсімделді. Жүк өткізу жылдамдығы 30%-ға артты. «Нұр Жолы – Қорғас» бағытында кезекті күту уақыты 10 есеге қысқарды.
«Келесі қадам, басқа мемлекет платформаларымен интеграция жасау. е-KOLIK жүйесі саладағы барлық цифрлық шешімдерді біріктіретін орта. Жүйе жасанды интеллектпен жұмыс істейді. Жүйені сенімді деректермен қамтамасыз ету үшін Smart Data Transport деректер базасы құрылды. Бүгінгі күні оған 9 дереккөзі қосылды. Олардың санын 40-қа дейін кеңейту жоспарлануда. Жасанды интеллект деректер негізінде 100% көлік желісін талдауды және бақылауды қамтамасыз етеді. Министрлікте цифрлық форматқа көшіп жатыр. Бүгінгі күні, серверлер, сымсыз желі және жұмыс орындары жаңартылды. Көліктің барлық түрі бойынша бірыңғай ахуалдық талдау орталығы құрылды», — деді ведомство басшысы.
Министр азаматтардың өтініштері жасанды интеллект көмегімен әзірленетінін атап өтті. Жауаптар автоматты түрде дайындалады және бірыңғай жүйеде келісіледі. Шағымдарды қоспағанда, өтініштерді қарау мерзімі 15 күннен 3 жұмыс күнге қысқарды. Мақсат – 1 күнге дейін жеткізу. Министрлік Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмысты жалғастырады.